Қостанай облысында құрылыс саласы тұрақты өсім көрсетуде

Қостанай облысында құрылыс саласы тұрақты өсім көрсетуде

24 маусымда облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен құрылыс саласының дамуы бойынша кеңейтілген аппараттық жиын өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде тұрғын үй құрылысын арттыру, қала мен ауыл ортасын жақсарту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықты баспанамен қамтуды кеңейту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.

Құрылыс жұмыстарының көлемі екі жылда 70%-ға артты

Жиын барысында Қостанай облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Дидар Тлеубаев баяндама жасады. Оның айтуынша, соңғы екі жылда құрылыс жұмыстарының көлемі 70%-ға ұлғайып, 2022 жылы 187 млрд теңге болса, 2024 жылы 315 млрд теңгеге жеткен. Республика бойынша Қостанай облысының үлесі 3,8%-дан 4,6%-ға дейін артты.

2025 жылға арналған жоспар — 406,8 млрд теңге. Оның 75,5 млрд теңгесі ағымдағы жылдың 5 айында орындалды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 157,8%-ды құрайды.

Алайда кейбір аудандарда көрсеткіштер төмен. Әсіресе, Әулиекөл ауданында нақты көлем индексі — 10,4%. Меңдіқара ауданында да өсім бәсең. Бұл бағыттағы жұмыстар әкімдердің жеке бақылауына алынды.

Тұрғын үй құрылысы: оң қарқын сақталуда

Басқарма басшысының айтуынша, 2025 жылы 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланған. Бес айда 179,5 мың шаршы метр тапсырылып, 1 810 пәтер (оның ішінде 1 625 — коммерциялық, 185 — жеке тұрғын үй) иелеріне берілген.

Ең көп құрылыс Қостанай, Рудный қалаларында және Қостанай ауданында жүргізілуде. Бұл аудандар жалпы көлемнің 92,4%-ын құрайды.

— Жылдық жоспарды орындау үшін 47 көпқабатты тұрғын үй (376 мың ш.м.) және 124 жеке тұрғын үй салу қажет, — деді Дидар Тлеубаев.

«Астана» және «Бәйтерек» ықшам аудандары: болашақ осында басталады

Қостанай агломерациясы қарқынды дамуда. Басқарма мәліметінше, «Астана» және «Бәйтерек» ықшам аудандарында 10 көпқабатты үйдің құрылысы аяқталған, тағы 13 үйдің құрылысы жүргізілуде. Жалпы 150-ден астам көпқабатты үй салу көзделуде. Жанында мектептер, балабақшалар, аурухана, спорт кешені, саябақ пен дүкендер орналасатын болады.

Облыс әкімі құрылыс сапасына баса мән беруді тапсырды:

— Үй салумен қатар, аула мен алаңдарды абаттандыру сапасына ерекше көңіл бөлінуі керек. Балалар және спорт алаңдары тек сапалы материалдардан жасалып, берік орнатылуы тиіс. Мен өзім құрылыс нысандарын аралаған сайын осыған назар аударамын. Аудан әкімдері де мұны қатаң бақылауға алуы қажет. Қоғамдық бақылау — ең тиімді құрал, — деді Құмар Ақсақалов.

Әлеуметтік нысандар: ауыл мен жастарға басымдық

Тұрғын үй — жай ғана баспана емес, өмір сүру сапасының негізі екенін атап өткен облыс әкімі:

— Үй — адамның тірегі. Қалада да, ауылда да құрылыс жалғасуы тиіс. Мемлекет халықтың баспаналы болуы үшін барлық жағдайды жасайды. Бұл — біздің тікелей міндетіміз, — деді Құмар Ақсақалов.

Оның айтуынша, биыл Қостанай қаласында 2 жайлы мектеп, Жангелдин ауданында бір мектеп, Қостанай ауданында емхана, Сарыкөл және Әулиекөл аудандарында сауықтыру кешендері, Мендықара және Қамысты аудандарында жабық хоккей корттары салынды.

Қостанай мен Әулиекөл аудандарында балабақшалар, Тобыл қаласында балалар орталығы, облыс орталығында №1 спорт мектебі ашылды.

Жыл соңына дейін ауылдық жерлерде тағы 15 әлеуметтік нысан іске қосылады. Сонымен қатар, Рудный қаласы мен Құсмұрын кентінде екі жаңа мектеп пайдалануға беріледі.

Инженерлік желілер мен құрылыс материалдары

Кунай, Береке, Астана және Бәйтерек ықшам аудандарына инженерлік желілер тарту үшін 8,7 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар, құрылыс материалдарын өндіру де маңызды мәселе.

Облыста 72 құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорын жұмыс істейді. Алайда, кейбір өнімдер әлі де өзге өңірлерден тасымалданады.

— Биыл тағы 5 зауытты іске қосу жоспарланған. Оның ішінде темірбетон бұйымдары, газоблоктар, ерітінді түйіндері және ағаш өңдеу бар. Құрылыс материалдарының өндіріс көлемі 5 айда 18,5 млрд теңгені құрады. Бұл былтырғыдан 9,8%-ға жоғары, — деді Тлеубаев.

Құрылыс қалдықтарын өңдеу: өзекті мәселе

Құмар Ақсақалов құрылыс қалдықтары мәселесіне тоқталды:

— Құрылыс артқан сайын, қалдық та көбейеді. Бұл мәселе бақылауда болуы керек. Рудный қаласында бір мекеме жұмыс істеп тұр, бірақ өңірге жеткіліксіз. Аудан әкімдері осы бағыттағы бизнесті дамытуы қажет.

Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды тіркеудің жаңа форматы

«Отбасы банк» АҚ Қостанай облыстық филиалының директоры Әсел Аскарова банк қызметінің жаңарған форматы туралы баяндады. Енді банк — тұрғын үй саясатының ұлттық даму институты ретінде орталықтандырылған тіркеу жүргізеді.

— Енді біз азаматтарды санаттарға бөлмейміз. Егер соңғы 5 жылда баспанасы болмаса немесе апатты үйде тұрса, кезекке тұра алады. 24 мамырдан бастап orken.otbasybank.kz порталы арқылы 149 000-нан астам өтінім қабылданды, — деді ол.

Жүйе 18 мемлекеттік дерекқормен біріктірілген. Отбасының цифрлық портреті жасалып, табысына, мәртебесіне қарай қолдау шаралары ұсынылады: жалдау төлеміне субсидия, арендалық баспана немесе жеңілдетілген ипотека.

Тиімді технологиялар: жеке кәсіпкерлік тәжірибесі

«My Eco House» ЖШС директоры Нұржан Батталов СИП-панельдерден үй салу жобасымен таныстырды.

— Үйдің қаңқасын 10 күнде құрастырамыз. Арнайы техника қажет емес. Құрылыс жеңіл, іргетасы таяз, ал қыста жылуды жақсы сақтайды. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына үйлер салып бердік, кейін өздері біздің материалмен үй тұрғыза бастады, — деді Батталов.

Қайта жаңғырту — тиімді шешім

Жаңа құрылысқа қоса, өңірде ескі үйлерді жөндеу жұмыстары да жүргізілуде. Биыл 8 ауданда 12 үйге күрделі жөндеу жүргізілуде. Былтыр мұндай жұмыс 10 нысанда атқарылды.

— Бұл тәжірибені жалғастыру керек. Егер ғимараттың техникалық жағдайы мүмкіндік берсе — жөндеп, сақтаған жөн. Бірақ сараптама әділ және сапалы жүргізілуі тиіс, — деп түйіндеді облыс әкімі.

Аймақтағы құрылыс саласы жаңа серпін алды: баспана, инфрақұрылым, әлеуметтік нысандар — бәрі халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған.