Қостанай облысында 19 маусымнан бастап Жұмысшы мамандықтар жылы аясында оқушыларға арналған ауқымды кәсіби бағдар жобасы – «Менің болашақ мамандығым» іске қосылды. Жоба 6–8 сынып оқушыларына нақты өндіріс әлемімен танысуға, болашақ мамандығын саналы таңдауға мүмкіндік беруді көздейді.
Аталған бастаманың негізгі мақсаты – мектеп оқушыларын өңірдегі жетекші кәсіпорындардың өндірістік үдерістерімен және жұмыс ұйымымен таныстыру, түрлі мамандықтарға қызығушылығын арттыру, теориялық білімнің өмірде қалай қолданылатынын көрсету, еңбекке құрмет сезімін қалыптастыру және кәсіби бағдар беруге ықпал ету.
20–25 маусым аралығында оқушылар аймақтағы 12 ірі кәсіпорынға (соның ішінде «АгромашХолдинг KZ» АҚ, «Allur» зауыты, «МехЛитКом» ЖШС, ERG, «БК-строй» ЖШС, «Қазақтелеком» АҚ) және 11 колледжге (Қостанай құрылыс колледжі, автомобиль көлігі колледжі, индустриалды-педагогикалық колледж, КИнЭУ кәсіпкерлік колледжі, Жітіқара политехникалық колледжі, Лисаков техникалық колледжі, Рудный технология және сервис колледжі, Рудный политехникалық колледжі, Рудный құрылыс және көлік колледжі, Рудный тау-кен технологиялық колледжі, Қостанай политехникалық жоғары колледжі, Қостанай қызмет көрсету колледжі) экскурсия жасай алады.
Жоба аясында тәжірибелі мамандардың шеберлік сабақтары, кәсіби қызығушылықтар мен бейімділіктерді анықтауға бағытталған тапсырмалар мен байқаулар ұйымдастырылуда.
– Балалар мектеп қабырғасынан бастап өз болашағын елестете алуы маңызды. Нақты өндірісті, өз ісіне адал мамандарды көру – оқушылардың ынтасын арттырып, олардың кәсіби жолын таңдауға бағыт береді, – дейді жобаны ұйымдастырушылар.
Іс-шара соңында оқушыларға мамандықтар мен білім беру бағыттары туралы ақпараттық материалдар таратылып, естелік сыйлықтар мен марапаттар табысталады.
«Менің болашақ мамандығым» жобасы оқушылардың кәсіби өзін-өзі анықтауына жол ашып қана қоймай, жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, өңірдің болашақ кадрлық әлеуетін қалыптастыруға елеулі үлес қосуда.