Медицина қызметкерлері күніне орай Қостанай қаласында салтанатты іс-шара өтіп, оның аясында облыстағы медициналық ұйымдарға жаңа санитарлық автокөліктердің кілттері табысталды.
Аймақтың денсаулық сақтау мекемелеріне жалпы 20 санитарлық автокөлік берілді. Көліктер Лисаков қалалық ауруханасын қоса алғанда, аудандық медициналық мекемелерге жіберілді.
Автокөліктер жергілікті бюджет қаражаты есебінен, жалпы 318 миллион теңгеге сатып алынған. Жаңа техника – әсіресе шалғай және ауылдық елді мекендерде жедел әрі жоспарлы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етуге арналған. Бұл – тұрғындар үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру жолындағы маңызды қадам.
Іс-шара барысында медицина қызметкерлеріне өз ісіне адалдығы, кәсіби біліктілігі мен жанқиярлық еңбегі үшін алғыс айтылды.
Денсаулық сақтау жүйесін дамыту – өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі. Қостанай облысында медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, саланы цифрландыру, мамандардың біліктілігін арттыру және материалдық-техникалық базаны нығайту бойынша жүйелі шаралар жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.