Қостанай облысында KIA автокөлік зауытының құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Қостанай облысында KIA автокөлік зауытының құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Қостанай облысында қазақстандық өнеркәсіп тарихындағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі – KIA компаниясының автокөлік зауытының құрылысы белсенді түрде іске асырылуда.

Осы аптада құрылыс алаңында бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз туры өтті. Журналистерге зауыттағы құрылыс жұмыстарының барысы таныстырылып, өндірістік қуаттарды іске қосу кезеңдері туралы ақпарат берілді.

Жоба 2023 жылдың қараша айында басталған болатын. Болашақ зауыт жылына 70 мың көлік құрастыруға қауқарлы болады. Бұл – оңтүстіккореялық автоөндірушінің Қазақстан аумағында тікелей инвестиция салған алғашқы бірлескен жобасы. Жалпы инвестиция көлемі 105 миллиард теңгені құрайды.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов атап өткендей:
— «Мұндай ауқымды өндіріс орнын салу – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың оңтүстіккореялық компания басшылығымен жүргізген келіссөздерінің нәтижесі. Президент KIA маркалы автокөліктерді ұсақ торапты әдіспен құрастыру желісінің іске қосылу рәсіміне қатыса отырып, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту мен инженерлік базаны қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл – автоөндіруші концерннің Корея Республикасынан тыс жерде бірлескен кәсіпорынға тікелей инвестиция құйған алғашқы тәжірибесі. Сонымен қатар, зауыт іске қосылғаннан кейін 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады».

Зауыттың негізгі өндірістік корпусының аумағы – 96 мың шаршы метр. Мұнда бес ірі цех орналасқан: дәнекерлеу, кузов бояу, пластик бояу, құрастыру және қосалқы бөлшектер қоймасы. Бұдан бөлек, логистикалық алаңдар, әкімшілік және техникалық ғимараттар қарастырылған.

Құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Металлоконструкциялар орнатылып, шатыр жабылған, сырты сэндвич-панельдермен қапталған. Оңтүстік Корея мен Қытайдан 800-ден астам контейнермен қажетті өндірістік жабдықтар жеткізілген.

Дәнекерлеу цехындағы құрылғылар толық орнатылып, бояу желілерінің монтажы аяқталуға жақын. CKD (ұсақ торапты) және DKD (ірі торапты) құрастыру желілері дайын. Инженерлік желілер мен инфрақұрылым бойынша жұмыстар аяқталу сатысында.

Биылғы шілде айында алғашқы пилоттық көліктер құрастырылмақ. Ал жаппай өндіріс 2025 жылдың қазан айына жоспарланған. Жыл соңына дейін шамамен 3 мың автокөлік шығару көзделіп отыр. Келешекте зауыт KIA брендінің 13 моделін құрастыра алады. Алғашқы кезеңде Cerato, Sorento және Sportage үлгілері шығарылады. Кейін K5, Ceed, Seltos, Soul және Picanto модельдері де өндірілмек.

Бүгінде кәсіпорында 520 қызметкер жұмыс істейді. Жалпы, 830 маман жұмысқа қабылданбақ, ал толық қуатқа көшкен соң олардың саны 1 500-ге жетеді. Зауыт жанынан оқу орталығы ашылып, қызметкерлер теориялық және тәжірибелік даярлықтан өтуде.

Мамандардың айтуынша, бұл зауыт өңір экономикасына елеулі серпін бермек. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 46,5 пайызға жетеді деп күтілуде. Мемлекеттік бюджет есебінен 6,7 млрд теңге бөлініп, кірме жолдар, автотұрақтар мен автожолдар салынып жатыр. Теміржол желісі пайдалануға берілді, ал автожол құрылысы аяқталуға жақын.