Қостанай облысында KАZ19 «Қостанай – Рудный – Денисовка – Комсомол – Қарабұтақ» автожолын кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жалғасуда. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында, еліміздің көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында жүзеге асырылуда.
Президент тапсырмасын орындаудың жарқын мысалдарының бірі – 2021 жылы Рудный қаласына кіреберістегі 5,1 шақырым жол учаскесінің қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілуі болды. Жобаны «Қостанай жолдары» ЖШС жүзеге асырды. Жоба құны — 4,5 миллиард теңге. Нәтижесінде автожол ІІІ техникалық санаттан І-Б техникалық санатқа ауыстырылып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен жайлылығы едәуір артты.
Биыл бұл бағыттағы жұмыс қарқын ала түсті: Рудный қаласының жолайрығынан Қостанайдағы Абай даңғылына дейінгі 31,5 шақырым жол учаскесінде орташа жөндеу басталды. Жөндеу жұмыстарын «АБЗ плюс» ЖШС жүргізіп жатыр. Жобаның жалпы құны — 6,7 миллиард теңге. Орташа жөндеу аясында жолға екі қабатты асфальт-бетон жамылғысы төселуде. Қазіргі таңда оң жақ жолақта төменгі қабат 28,2 шақырымға (90%) төселсе, сол жақта — 10,2 шақырымға (32%) аяқталған. Жобаны 2025 жылдың қазан айында толық аяқтау жоспарланып отыр.
Қостанай – Рудный бағыты бойындағы көшені жарықтандыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. 2024 жылы Қонай тұрғын үй массиві маңында бір шақырымдық жарық шамдары орнатылды. Ал 2025 жылы Қостанай қаласынан Қонайға дейінгі аралықта тағы 3,8 шақырым жарықтандыру желісі тартылады.
Бұған қоса, Қонайдан Рудныйға дейінгі 25 шақырым жол учаскесін жарықтандыру жобасы әзірленуде. Құрылыс-монтаж жұмыстары тамыз айында басталып, 2025 жылдың желтоқсан айына дейін аяқталады деп күтілуде.
Аталған жобалар – өңірдегі жол сапасын арттыру мен инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Жолдардың қолжетімділігі мен қауіпсіздігін арттыру, халық үшін ыңғайлы жағдай жасау – Мемлекет басшысы айқындап берген басым бағыттардың бірі.