Ел Президенті Қ.-Ж. Тоқаевтың бастамасымен 2024 жылдың сәуір айының басында іске қосылған «Таза Қазақстан» бағдарламасын қостанайлықтар ауқымды түрде қолдауды жалғастыруда. Бұл бастаманың мақсаты – халықтың экологиялық хабардарлығын арттыру және облыстың әртүрлі аймақтарындағы қоршаған ортаны жақсарту.
Бағдарлама аясында өңірде қазірдің өзінде аумақтарды тазарту және абаттандыру, қалдықтарды жинау және қайта өңдеу бойынша креативті ауқымды іс-шаралар, сондай-ақ азаматтардың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған ағарту жұмыстары – акция, дөңгелек үстел, семинарлар ұйымдастырылып жатыр.
Бағдарламаны жүзеге асыруда жергілікті кәсіпорындар және қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Іс-шараларға бизнес-қауымдастық, жастар, спортшылар мен этномәдени бірлестік өкілдері белсенді қатысуда.
2025 жылдың 13 маусымы күні Қостанай ауданында «Жанашыр бол» қоғамдық қоры Қостанай ауданының тұрғындары арасында алюминий банкаларын жинау бойынша экологиялық байқау өткізді.
Байқаудың мақсаты – қалдықтарды бөлек жинау мәселелеріне қоғамның назарын аудару, экологиялық мәдениетті дамыту және өскелең ұрпақ арасында тұрақты әдеттерді ынталандыру. Қатысушылардан мүмкіндігінше көп алюминий банка жинап, оларды қабылдау орнына тапсыру ұсынылды. Ең көп алюминий банка жинаған бес адамға велосипед сыйлыққа беріледі.
Жарыс мамырдың басында басталып, 10 маусымда аяқталды. Қатысушылар барлығы 150 келі алюминий банка жинады. Кішкентай балалар барынша белсенділік танытты, бұл жастардың экологиялық санасының артқанын көрсетеді, бұл жағдай ұйымдастырушыларды ерекше қуантты.
Жобаның үйлестірушісі Наурызбек Бірмағамбетов: «Мұндай бастамалар табиғатқа жауапкершілікпен қарауды қалыптастырып, азаматтарды қоршаған ортаны қорғау бойынша нақты әрекеттерге тартуда маңызды рөл атқарады», - деп атап өтті.
Бейімбет Майлы ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Варваринка, Николаевка және Асенкритовка ауылдарында «Варваринское» АҚ-мен бірлесіп «Таза жағалау» акциясы өтті.
Іс-шараны ауданның және «Варваринское» АҚ еріктілері волонтерлік қызметтің экологиялық бағытын насихаттау, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру мақсатында өткізді. Акцияға ауданның 60-қа жуық еріктісі мен «Варваринское» АҚ қызметкерлері белсенді қатысты.
Акция соңында Аят өзенінің 5 шақырымдық жағалауының аумағы тазартылды. Еріктілер марапатталды.
«Варваринское» АҚ қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Антон Труханов атап өткендей: «Бүгінгідей іс-шараларға жиналу ғана емес, сонымен қатар күнделікті өмірде қоршаған ортаға қамқорлық жасау маңызды. Экологиялық жағдайды жақсартуға әрқайсымыз өз үлесімізді қоса аламыз, тіпті аз ғана күш-жігеріміз айтарлықтай нәтижелерге әкелуі мүмкін. Барлығын табиғатқа мұқият болып, қоқысты қалдырмауға шақырамын. Бұл - біздің ортақ жеріміз және оны тек бірлескен күш-жігермен болашақ ұрпақ үшін сақтай аламыз».
#ТазаҚазақстан #устойчивоеразвитие #чистаястрана #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan.