Өмір мен денсаулық – басты назарда: Қостанай облысында денсаулық сақтау жүйесі жаңғыртылуда

Өмір мен денсаулық – басты назарда: Қостанай облысында денсаулық сақтау жүйесі жаңғыртылуда

Қостанай облысында халыққа медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған ауқымды реформалар қарқын ала бастады. Барлық бастамалар Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асырылып, инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру және кадрлық әлеуетті күшейту сынды негізгі бағыттарды қамтиды.
Жаңа медициналық нысандар – халыққа жақын
Бүгінде өңірде 450 мемлекеттік және 22 жекеменшік медициналық ұйым жұмыс істейді. Қостанай облысы медициналық жүйені тәжірибеге негізделген жаңа модельге көшірудің белсенді кезеңіне аяқ басты.
Маңызды жобалардың бірі – Қостанай қаласындағы Юбилейный шағын ауданында жаңа №6 емхананың ашылуы. Құны 5 млрд теңгені құрайтын жоба жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылып, 30 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетуге бағытталған. Бұл қадам қазіргі емханаларға түсетін жүктемені азайтып, бастапқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады.
Сондай-ақ, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Арқалық өңірлік ауруханасының босану бөлімшесінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жобаның құны – 1,2 млрд теңге. Бұдан бөлек, Жітіқара қаласындағы жалпы ауданы 5300 шаршы метрден асатын емхананың қайта жаңғыртылуына 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Жабдық – сапалы ем мен диагностика кепілі
Жыл соңына дейін облыстағы медициналық мекемелерге 7,2 млрд теңгеге жаңа жабдықтар жеткізіледі. Оның ішінде:
• санитарлық автокөлік,
• наркозды-тыныс алу аппараттары,
• ӨЖЖ (ИВЛ) құрылғылары,
• жоғары классты стационарлық УЗИ аппараттары,
• бейнеэндоскопиялық және рентген жүйелері,
• ангиографиялық кешендер мен басқа да заманауи құралдар бар.
Бұл жабдықтар емдеу және диагностика мүмкіндіктерін едәуір кеңейтуге жол ашады.
Маман – жүйенің жүрегі
Бүгінде өңірдің денсаулық сақтау саласында 14 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде:
• 1855 дәрігер,
• 5741 орта буын маманы,
• 2641 кіші медициналық персонал,
• 3560 өзге қызметкер бар.
2025 жылдың өзінде облысқа 57 жас дәрігер мен 137 орта медицина қызметкері келді. Жас мамандарды тарту үшін көтерме төлемдер мен қолдау шаралары қарастырылған.
Цифрландыру – болашаққа қадам
Медициналық ұйымдар цифрлық форматқа көше бастады: электрондық амбулаториялық карталар, еңбекке жарамсыздық парақтары, автоматтандырылған есеп жүйелері, телемедицина қызметтері енгізілуде. Бұл әсіресе шалғай аудандар үшін өте маңызды.
Сонымен қатар, eGov Mobile қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» жобасы арқылы науқастар дәрігер жазып берген тегін дәрілерді электронды рецептпен ала алады. Қазіргі таңда 330 мыңнан астам рецепт жазылса, оның 76 пайызы QR-код арқылы берілген.
Пациент – жүйенің орталығында
Реформалардың басты мақсаты – пациентке бағытталған тәсілді қалыптастыру: кезектерді қысқарту, дәрігер мен пациент арасындағы байланысты нығайту, сенімді арттыру. Азаматтардың пікірін білу үшін тұрақты сауалнамалар жүргізіліп, олардың негізінде нақты шешімдер қабылданады. Сонымен бірге, арнайы қолдау қызметі арқылы кері байланыс арнасы жұмыс істейді.
Қостанай облысы денсаулық сақтау саласындағы өзгерістерге жүйелі әрі жауапкершілікпен қарап отыр. Бұл ретте басты тіректер — инвестиция, технология және адами капитал. Мақсат — өңір тұрғындарына медициналық көмекті қолжетімді, сапалы және заманауи ету.