ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапары аясында Қостанай облысындағы егін алқаптарын үйірлі шегірткелерден қорғауға бағытталған фитосанитариялық іс-шаралардың барысымен танысты. Облыс басшылығымен бірге зиянкестерге қарсы күреске жұмылдырылған негізгі нысандарды аралап, шаруашылықтар мен мердігер ұйымдардың өкілдерімен алдын алу шараларын талқылады.
Бүгінде облыстың бес ауданында өңдеу жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр — 322,85 мың гектар жер өңделді, бұл жоспарланған көлемнің 49,7%-ын құрайды. Жұмысқа 59 арнайы техника, соның ішінде агродрондар, жеңіл авиация және ұшқышсыз ұшу аппараттары жұмылдырылған. Қолданылған препараттардың тиімділігі 82% деңгейінде бағалануда.
Министр өңдеу сапасын әуеден бақылап, техникалық жарақтандырумен танысты және мониторингтен бастап өңдеуге дейінгі барлық кезеңдердің жедел орындалуының маңыздылығын атап өтті.
«Қостанай облысында жұмыс нақты ұйымдастырылған: белгіленген кесте бойынша жүріп жатыр, кешігу жоқ. Басты міндетіміз — зиянкестердің таралуына жол бермеу. Бұл – ауыл шаруашылығының тұрақтылығы мен елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін жүйелі жұмыс», — деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Шаруашылық өкілдері де өңдеуді белгіленген мерзімде аяқтауға толық дайын екендерін растады. «Бердыбаев» шаруа қожалығының басшысы Сәкен Бердібаевтың айтуынша, егінге тікелей қауіп болмаса да, алдын ала әрекет ету өте маңызды:
«Иә, шегірткелер бар, бірақ ошақтары бірен-саран. Біз өз егістіктерімізді үнемі бақылап отырамыз, алғашқы белгілер байқалған сәтте бірден өңдеу жүргіземіз. Бұл — қалыпты жұмыс тәсілі», — деді ол.
Сонымен қатар, министр сапар барысында Солтүстік Қазақстан облысының сүтті мал шаруашылығын дамыту тәжірибесін кеңейту бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан бірқатар нысандарды аралады. Қостанай облысында қазіргі таңда үш жаңа сүт-тауар фермасы іске қосылған, тағы үш жоба аяқталу сатысында. Бие сүтін терең өңдеу және оны жақын және алыс шетел нарығына шығару бағытындағы бастамалар да жүзеге асырылуда.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің негізгі бағыты – заманауи агротехнологиялар, өндірістік тәртіп және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы екенін атап өтті. Бұл жүйелі тәсіл өңірге тек жедел әрекет етіп қана қоймай, өндірістік әлеуетті сенімді түрде арттыруға мүмкіндік береді.