Қостанай облысында East Hope Group директорлар кеңесінің төрағасы Лю Юнсин мырзамен кездесу өтті

Қостанай облысында East Hope Group директорлар кеңесінің төрағасы Лю Юнсин мырзамен кездесу өтті

Қостанай облысында бокситті өңдеу бойынша инвестициялық жобаны іске асыру жұмыстары белсенді түрде жалғасуда.

Бүгін облыс әкімдігінде Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Қытайдың East Hope Group корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы, Forbes журналының нұсқасы бойынша Қытайдың ең ықпалды кәсіпкерлерінің бірі Лю Юнсин мырзамен кездесу өткізді.

Екі күн бұрын Лю Юнсин мырза Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновпен келіссөздер жүргізіп, одан кейін келіссөздерді жергілікті жерде жалғастыру үшін Қостанай облысына келді.

Кездесу барысында ауқымды инвестициялық жобаның негізгі параметрлері талқыланды. Жоба аясында мыналар қарастырылған:
• алғашқы кезеңде жылына 2 миллион тоннаға дейін боксит өңдейтін кен байыту комбинатын салу;
• қажетті инженерлік және логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыру;
• жаңартылатын энергия көздері мен циркулярлық экономика қағидаттарын қолдана отырып, өндірісті кезең-кезеңімен кеңейту.

Жобаны үш кезеңмен жүзеге асыру жоспарлануда.

Қостанай облысы барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ете алады: су, газ және электр желілеріне қолжетімділік, сондай-ақ теміржол және автокөлік жолдары бар. Сонымен қатар, салықтық және әкімшілік жеңілдіктері бар арнайы экономикалық аймақ құру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, бұл жоба Қазақстанның солтүстігі үшін стратегиялық маңызға ие:
«Бізде барлық қажетті алғышарттар бар — табиғи ресурстар, инфрақұрылым, көлік логистикасы және жобаны іске асыруға толық қолдау. Біз өндірістік кешенді орналастыруға және жобаны барлық кезеңдерінде қолдауға дайынбыз», – деді өңір басшысы.

Жоба бойынша келіссөздер соңғы бір жыл бойы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қатысуымен жүргізілді. Бүгінгі таңда инвестициялық параметрлер бойынша айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізілді, тараптар нақты шешімдер мен іске асыру кезеңдерін талқылауда.

Аталған жоба Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтарға — әртараптандырылған, жоғары технологиялық және экологиялық тұрақты экономиканы қалыптастыруға толық сәйкес келеді. Оның жүзеге асырылуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және елдің өнеркәсіптік жүйесінде жаңа өсім нүктесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.