Қостанай облысында денсаулық сақтау ұйымдарының 2025 жылдың 5 айындағы қызметінің қорытындысы шығарылды

Қостанай облысында денсаулық сақтау ұйымдарының 2025 жылдың 5 айындағы қызметінің қорытындысы шығарылды

Қостанай облысында денсаулық сақтау саласының 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларындағы жұмыс қорытындылары жарияланды. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық отырыста атқарылған жұмыстар сараланып, өзекті мәселелер мен алдағы міндеттер талқыланды.

Инфрақұрылымды дамыту – басым бағыт
Соңғы екі жылда ауылдық елді мекендерде 25 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны салынды. Бұл – амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер, олар УДЗ аппараттарымен, зертханалармен, физиотерапиялық және оңалту жабдықтарымен қамтамасыз етілген.

2024 жылы ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған аутизм және басқа да менталдық ауытқулары бар балалар орталығы ашылды. Қазіргі уақытта Қостанай ауданының Тобыл қаласында ауысымына 250 қабылдауға арналған жаңа емхананың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Қостанай қаласының Юбилейный шағын ауданында және Рудный қаласында медициналық нысандардың құрылысы аяқталуға жақын.

Заманауи жабдықтар – сапалы қызметтің негізі
Соңғы үш жылда денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы 1,3 есеге өсіп, медициналық техника сатып алуға жұмсалатын шығындар 2 есеге артып, 7,2 млрд теңгеге жетті. 2023–2025 жылдар аралығында 46 жедел жәрдем көлігі, 1 реанимобиль, 100-ден астам наркоз-тыныс алу аппараттары, ЭКГ және УДЗ құрылғылары, жаңа туған нәрестелерге арналған инкубаторлар, ангиограф және маммографтар сатып алынды.

Нәтижесінде медициналық жабдықтардың тозу деңгейі 2022 жылғы 49,2%-дан бүгінгі күні 27%-ға дейін төмендеді. Алайда, Жангелдин, Амангелді және Федоров аудандарында техникамен қамтылу облыстық деңгейден төмен қалып отыр.

Кадр мәселесі: басты назар – мамандар тарту
Медициналық кадр тапшылығын шешу мақсатында арнайы қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Қабылданған шаралардың нәтижесінде дәрігерлік бос орындар саны 251-ден 160-қа дейін қысқарды. Алтынсарин және Федоров аудандарында кадр тапшылығы толығымен жойылды, көптеген басқа аудандарда да оң динамика байқалады.

Ауылдық жерге барған дәрігерлерге 5 млн теңгеге дейін, қалаларға – 3,5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленеді. Арқалық, Амангелді және Жангелдин аудандарында бұл төлемдер 7–8,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.

Халық денсаулығы – ұдайы назарда
Бірқатар аудандарда нәресте өлімі фактілері тіркелсе, Рудный қаласында бір ана өлімі орын алды. Қостанай және Қарабалық аудандарында жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім деңгейі жоғары.

Облыс әкімі бұл көрсеткіштерді жақсарту үшін тек медицина саласының ғана емес, сонымен қатар халықтың да өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы маңызды екенін атап өтті. Уақытылы дәрігерге қаралу және алдын ала тексеруден өту ауруларды ерте сатыда анықтауға мүмкіндік береді.

Медициналық көмек – адами қарым-қатынаспен
Облыстағы медициналық ұйымдарда Пациенттерді қолдау қызметі жұмыс істейді. Азаматтардың басты шағымдары – қабылдауды ұйымдастыру, қызмет сапасы және этика нормаларын сақтау мәселелері. Медициналық мекеме басшыларына қызмет сапасына бақылауды күшейту және әрбір өтініш бойынша нақты әрекет ету тапсырылды.

– Пациент келді – тыңдадыңдар, тексердіңдер, көмек көрсеттіңдер. Қызметтің үлгісі дәл осылай болуы керек, – деді Құмар Ақсақалов.

Нақты тапсырмалар берілді
Отырыстың қорытындысы бойынша облыс әкімі Денсаулық сақтау басқармасына бірқатар тапсырмалар жүктеді:

аурушаңдықтың өсуіне жол бермеу және алдын алу шараларын күшейту;

барлық өңірлерде медициналық жабдықтармен қамтылуды облыстық деңгейге жеткізу;

кадрларды тарту және медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жұмысын жалғастыру;

медициналық қызмет сапасын жақсарту;

медициналық ұйымдардың берешегін азайту;

негізгі көрсеткіштер бойынша теріс динамикаға жол берген Қарабалық, Қостанай аудандарының, Қостанай қаласындағы №3 емхананың және Рудный қалалық емханасының басшыларын қатаң сөгіске тарту. 9 айдың қорытындысы бойынша оң өзгеріс болмаса, лауазымына сәйкестігі мәселесін қарау тапсырылды.

Аймақта денсаулық сақтау жүйесі ары қарай да науқасқа бағдарланған тәсілге негізделе отырып, азаматтардың денсаулығы мен сенімін басты орынға қоятын бағытта дамитын болады.