2025 жылы жазғы демалыспен 105 мыңға жуық бала, яғни балалардың 98,6%-і қамтылады.
Бұл мақсаттарға 264,4 млн. теңге бөлініп отыр.
Биыл облыстың қала сыртындағы лагерьлер желісі 12 нысанды (9 мемлекеттік, 3 жекеменшік) құрайды, онда 8 000-нан астам баланы сауықтыру жоспарлануда.
3 мемлекеттік лагерьде (Бәкіров атындағы демалыс базасы, «Лесная сказка» және «Алтынгүл») жетім балаларға арналған мектеп-интернатының оқушылары демалады.
Бірінші маусымның ашылуы 9-18 маусым аралығында жоспарланған. Жазғы лагерьлерде жұмыс істеу үшін 4 мыңнан астам педагог жұмылдырылады.
«Қазақстан халқына» қайырымдылық қорының ауыл балаларына арналған «QH Жаздық жолдама» жобасын өткізуі игі дәстүрге айналған, соның арқасында ағымдағы жылы 246 оқушы облыстың қала сыртындағы «Балдәурен» және «Болашақ» 2 лагерінде тегін демалатын болады.
Төртінші жыл қатарынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Хачико» оңалту орталығында жалпы сомасы 54,1 млн.теңгеге облыстың 13 өңірінен ерекше білім беру қажеттілігі бар 359 бала демалады. Осы орталықта болған уақытта балалар және олармен еріп жүретін адамдарға күніне бес мезгіл тамақ беріліп, психологтар қызметі көрсетіледі.
Әлеуметтік осал санаттағы балалардың демалысын қамтамасыз ету басымдық болып табылады. Бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттен шамамен 167 миллион теңге бөлініп, жекелеген санаттағы 38 мыңға жуық бала жазғы демалыспен қамтылады.
2 маусымнан бастап облыстың барлық білім беру ұйымдарында 773 мектеп жанындағы тегін лагерь жұмыс істейді, онда 1-10 сынып оқушыларының 91%-і, яғни 98 мыңға жуық бала демалатын болады.
Жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауға алынған.
105 мыңнан астам бала туристік-өлкетану, экскурсиялық, дене шынықтыру-сауықтыру, табиғатты қорғау және экологиялық шаралармен қамтылады.
Облыстың барлық білім беру ұйымдарында 19,5 мыңға жуық бала мен жасөспірімді қамтитын «Психологиялық қолдаудың жазғы алаңдары» жобасы жоспарланған.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында білім бөлімдері тарапынан 17,0 млн.теңгеге 850-ге жуық баланы түрлі іс-шарамен қамту жоспарланып отыр.