Облыс әкімі: Ауыл дамуы – ортақ әрі маңызды іс

Облыс әкімі: Ауыл дамуы – ортақ әрі маңызды іс
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Әулиекөл ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Новонежин, Озерное және Аманқарағай ауылдарын аралады. Сапар барысында әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы, абаттандыру және «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыруға бизнесті тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
 
Туған жер алдындағы жауапкершілік
 
Ауыл тұрғындарымен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесуде Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысының сөзіне тоқталды:
 
«Үлкен жетістіктерге жеткен әрбір азамат туған жерінің өркендеуіне өз үлесін қосуы тиіс. Нағыз патриотизм — осы».
 
— Бүгінде көктемгі егіс жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл — техника, ресурстар мен мамандардың босап, күш-жігерді ауылдарды абаттандыруға бағыттайтын уақыт, — деді облыс әкімі.
 
Ол әрбір кәсіпкердің өзі өмір сүріп, еңбек етіп жатқан өңірінің дамуына жауапты екенін ерекше атап өтті.
 
Әулиекөл ауданындағы спорт кешені
 
Әулиекөл ауданының Новонежин ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылуы өтті.
Бұл заманауи нысан облыстағы спорттық инфрақұрылымды дамыту жолындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігіне айналды.
 
Кешен бір ауысымда 48 адамды қабылдай алады. Мұнда футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, қазақша күрес, тоғызқұмалақ және шахматпен айналысуға жағдай жасалған.
 
— Соңғы екі жылда облыста 17 спорт нысаны салынды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Ең бастысы — жастар мен балаларды бұқаралық спортқа тарту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, — деді Құмар Ақсақалов.
 
Аманқарағайдағы жаңа балабақша
 
Жұмыс сапары аясында ашылған маңызды әлеуметтік нысандардың бірі — Әулиекөл ауданының Аманқарағай ауылындағы «Айналайын» балабақшасы.
145 орынға арналған бұл мекемеде 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға арналған 6 топ қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді.
 
Балабақшада балалардың сапалы білім алуы мен жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастырылған.
 
«Жастар» сквері: бизнестің ауылға үлесі
 
Әулиекөл ауданына қарасты Озерное ауылында облыс әкімі орман шаруашылығы мекемесінің жұмысымен танысып, Новонежин ауылында салынып жатқан «Жастар» скверінің құрылыс алаңын аралады.
Бұл бастама — мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігінің нақты көрінісі.
 
Жоба жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қолдауымен, «Тaза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
 
— Ауылдарды абаттандыру — тек мемлекеттің ғана емес, әрбір жанашыр азаматтың міндеті. Кәсіпкерлердің туған ауылдарына қамқорлық танытып, игі бастамаларға ұйытқы болуы — нағыз туған жерге деген жанашырлықтың белгісі, — деді Құмар Ақсақалов.