5 маусым – Эколог күні қарсаңында Қазақстан, әлем елдерімен бірге, қоршаған ортаны қорғау мәселесіне ерекше назар аударады. Бүгінгі таңда орнықты даму мемлекеттік және өңірлік саясаттың өзегіне айналып отыр. Осы тұрғыда Қостанай облысында экология стратегиялық маңызы бар бағыт ретінде белгіленді. Бұл – уақыт талабы мен келер ұрпақ алдындағы жауапкершіліктен туындаған қажеттілік, тек сәнге айналған ұран емес.
Қостанай облысының экологиялық күн тәртібі
Қостанай облысы – ірі аграрлық-индустриялық өңір. Ауыл шаруашылығы, кен өндіру және көлік салаларының дамуы табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану мен қорғауды талап етеді. Соңғы жылдары өңірде экологиялық ахуалды жақсарту бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр:
* Қостанай, Рудный, Жітіқара және Лисаков қалаларында атмосфераға шығарындыларды бақылауға арналған автоматтандырылған мониторинг жүйелері енгізілуде;
* Елді мекендерді көгалдандыру және орман алқаптарын қалпына келтіру бағдарламалары іске асуда;
* Өндіріс орындарының экологиялық жауапкершілігін арттыру жұмыстары жүргізілуде;
* Қалдықтарды сұрыптап жинау мен қайта өңдеу бастамаларына қолдау көрсетілуде.
Эколог күніне орай жыл сайын өңірде қоршаған ортаны қорғауға қоғамды тартуға бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.
Өткізілген шаралар:
* 29 мамыр 2025 жыл — Қостанай облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тапсырысымен «Neco» экологиялық клубы «Табиғат шекарасыз — орман, су, тазалық» атты экосағат өткізді. Іс-шарада табиғи ресурстарға саналы көзқарас, ормандарды өрттен сақтау, суды үнемдеу және тұрмыстық қалдықтардан қорғану мәселелері талқыланды.
* 31 мамыр 2025 жыл — «Мөлдір Бұлақ» және «Таза Қала» атты экологиялық акциялар өтті. Оған мемлекеттік органдар, студенттер, волонтерлер, экоактивистер және жергілікті тұрғындар қатысып, жалпы саны 8200 адам болды. 850 тоннаға жуық қоқыс жиналып, шығарылды.
* 2 маусым 2025 жыл— экоактивистер мен еріктілермен бірлесіп «10 экоәдет — дұрыс өмір салты» атты онкүндік онлайн-челлендж басталды. Әлеуметтік желілер арқылы қоршаған ортаға ұқыпты қарауға үндеу жарияланды.
* 3 маусым 2025 жыл — Қостанай қаласындағы «Жанұя» балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында «Таза болса табиғат – аман болар адамзат» атты сурет байқауы өткізілді. Жеңімпаздар мен қатысушыларға естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.
Алдағы жоспарланған шаралар:
* 5 маусым 2025 жыл — республикалық «Қоғамдық эко-бақылау» акциясы басталады. Оның аясында мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдері бірлесіп туристік, тарихи-мәдени нысандарда және көгалдандыру, заңсыз қоқыс үйінділері, суару жүйелері сияқты мәселелер бойынша экомониторинг жүргізеді.
* Осы күні экомарафон басталады. Ол 10 маусымға дейін жалғасады. Марафон аясында су айдындарын, мемлекеттік орман қорын, аулалар мен қоғамдық орындарды тазарту жұмыстары ұйымдастырылады.
* 5 маусым — «Экологиялық үгіт-насихат шараларын өткізу» жобасы аясында тұрғындарға арналған эковикторина, сондай-ақ сала үздіктерін ведомстволық марапаттармен, құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапаттау рәсімі өтеді. Сонымен қатар, өңірдің ауыл-аймақтарында «Туған жер — таза жер!» атты экологиялық акция өтеді.
* 9 маусым — «Neco» экоклубының бастамасымен мемлекеттік қызметкерлерге арналған «Жасыл кеңсе қағидаттарын енгізу» атты интерактивті оқыту өтеді.
Ортақ іс – ортақ болашақ
Экология — бұл тек экологтар мен табиғатты қорғау мекемелерінің міндеті емес. Бұл — бүкіл қоғамға қойылған сын. Әрбір Қостанай тұрғыны табиғатты қорғау ісінде өз үлесін сезінуі тиіс: тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптаудан бастап, ағаш отырғызуға дейін.
Тек біріге әрекет еткенде ғана біз Қостанай облысының таза ауасын, құнарлы топырағын және мол су қорын сақтап қала аламыз. Эколог күні — бұл кәсіби мейрам ғана емес, сонымен қатар әрқайсымызға ой салар күн: артта қандай із қалдырамыз?