Қостанай ауданында заманауи Балалар шығармашылығы үйі ашылды

Қостанай ауданында заманауи Балалар шығармашылығы үйі ашылды

Қостанай ауданының Тобыл қаласында 1300 балаға арналған жаңа Балалар шығармашылығы үйі өз есігін ашты. Салтанатты шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.

Өз сөзінде өңір басшысы еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев белгілеген басты міндеттердің бірі – адами капиталды дамыту және жастардың әлеуетін толық ашуға жағдай жасау екенін атап өтті. Мемлекет балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық, ғылыми, спорттық және қоғамдық бастамаларын жүзеге асыруына мүмкіндік беретін орта қалыптастыруды жүйелі түрде жалғастырып келеді.

«Балалар әлемі» қосымша білім беру орталығының құрылысына мемлекеттік бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлінді. Жаңа нысан заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, қауіпсіздік пен қолжетімділік талаптарына толықтай сай келеді.

Бұл ғимаратта Балалар шығармашылығы үйі мен Балалар музыка мектебі бір шаңырақ астында орналасқан. Шығармашылық үйінің аясында 50-ге жуық үйірме жұмыс істейді. Олардың қатарында түрлі тілдегі пікірсайыс клубтары, актерлік шеберлік, экология, өлкетану, хореография және ұлттық спорт түрлеріне (тоғызқұмалақ, асық ату, дәстүрлі ойындар) арналған үйірмелер бар. Сонымен қатар, робототехника, лего-құрастыру, фото және бейнестудиялар, STEAM-зертханасы мен гидропоника кабинеті жұмыс істейтін заманауи технопарк ашылды.

Музыка мектебінде 250-ден астам оқушы 12 бағыт бойынша білім алуда. Өткен оқу жылының өзінде мектептің материалдық-техникалық базасы 107 миллион теңгеге жаңартылды: жаңа музыкалық аспаптар мен заманауи цифрлық құрал-жабдықтар сатып алынды. Оқушылар арасында ұлттық рухты оятатын киелі аспап — домбыра ерекше сұранысқа ие (86 бала). Сонымен қатар, қобыз бен жетігенге қызығушылық танытқан балалардың қатары жыл сайын артып келеді.

Соңғы үш жыл ішінде аталмыш мекеме шәкірттері 200-ден астам өңірлік, облыстық, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Соңғы жетістіктердің бірі — Дильназ Әлембаеваның «Бала шабыты» халықаралық байқауында иеленген Гран-приі және Батыр Қаржаспаевтың Латиф Хамиди атындағы халықаралық байқауда бірінші дәрежелі лауреат атануы.

— Өткен жылдың қарашасында «IQostanay» SMART орталығының ашылуында мен мұндай заманауи орталықтар әр аудан мен қалада болуы тиіс екенін айтқан едім. Бүгінде бұл сөз нақты іспен дәлелденіп отыр. Осындай білім ордаларында болашақтың жұлдыздары тәрбиеленетініне сенімдімін, — деп атап өтті Құмар Ақсақалов.

Жыл соңына дейін Жангелдин ауданында 100 орындық жаңа Шығармашылық үйінің ашылуы жоспарланған.

Өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау – Қостанай облысының басты басымдықтарының бірі болып қала береді.