Қостанай облысында орман қорын қорғау және қалпына келтіру мәселелері талқыланды

Қостанай облысында орман қорын қорғау және қалпына келтіру мәселелері талқыланды
Қостанай облысында ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің көшпелі отырысы өтті. Іс-шараға Комитет төрағасы Еділ Терекбайұлы Жаңбыршин, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шарбиев, Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камалов, сондай-ақ ғылыми мекемелердің, табиғат қорғау ұйымдарының және орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
 
Басқосудағы басты тақырып – өңірдегі орман қорын қорғау, сақтау және қалпына келтіру жүйесін дамыту, сондай-ақ осы саладағы заңнаманы жетілдіру мәселелері болды.
 
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өз сөзінде 2022 жылы Әулиекөл ауданында орын алған, шамамен 40 мың гектарды қамтыған ірі орман өрті баршамыз үшін үлкен сабақ болғанын атап өтті.
 
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірде орман шаруашылығын күшейту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда:
•орман шаруашылығы қызметкерлерінің саны 1,5 есеге артып, 1230 адамға жетті (орман орналастыру нормаларына сай);
•саланың жылдық қаржыландырылуы 1,5 млрд теңгеден 7 млрд теңгеге дейін өсті;
•соңғы екі жылда материалдық-техникалық базаны нығайтуға 4,4 млрд теңге бөлінді (бұл республика бойынша жаңартуға кеткен шығынның 43%-ын құрайды);
•орман шаруашылығы мекемелері 27 өрт сөндіру көлігімен, 59 трактормен және 39 патрульдік автокөлікпен толықтырылды;
•2025 жылы тағы 26 өрт сөндіру көлігі, 28 трактор және 36 шағын өрт сөндіру кешенін 3,5 млрд теңгеге сатып алу жоспарланып отыр.
 
Сонымен қатар, орман өрт сөндіру станцияларының жұмыс кестесі жыл бойы жұмыс істеу тәртібіне ауыстырылды, төтенше жағдайлар қызметтерімен өзара іс-қимыл жолға қойылды. Қазіргі таңда көшет өсіру, өртенген алқаптарды тазарту және жаңа орман дақылдарын отырғызу жұмыстары жалғасуда.
 
Отырыста бірқатар заңнамалық ұсыныстар да айтылды. Атап айтқанда:
•орман қорымен шектесетін ауыл шаруашылығы жерлерінде 20 метрлік қорғаныс жолағын міндетті түрде енгізу үшін Орман және Жер кодекстеріне өзгерістер енгізу;
•егістік алқаптарда сабан мен өсімдік қалдықтарын жағуға тыйым салу арқылы орман және дала өрттерінің алдын алу;
•шалғай ауылдардағы орманшылықтарда жаңа ғимарат салмай-ақ, жеке тұрғын үйлерді орман өрт сөндіру станцияларына бейімдеу мүмкіндігін қарастыру;
•2022 жылғы өрттен кейін айтарлықтай өзгеріске ұшыраған орман қорына байланысты Семио́зер және Басаман орман шаруашылықтарының орман орналастыру материалдарын өзектендіру.
 
Құмар Ақсақалов аталған мәселелерді шешу үшін орталық мемлекеттік органдардың белсенді қатысуы қажет екенін атап өтті. Көшпелі отырыс барысында орман саласын тұрақты дамыту және өрт қауіпсіздігін арттыру бағытында нақты ұсыныстар әзірленді.
 
«Біз диалог пен бірлескен жұмысқа ашықпыз. Орман – бұл тек табиғи ресурс емес, бұл – келер ұрпаққа қалатын ортақ мұрамыз», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.