Дипломатиялық миссиялардың басшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері үшін ҚР СІМ мен Ортсайлаукомның бірлескен брифингі өтті

Дипломатиялық миссиялардың басшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері үшін ҚР СІМ мен Ортсайлаукомның бірлескен брифингі өтті

15 қарашада дипломатиялық миссиялардың басшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері үшін 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын әзірлеу мен өткізу мәселелері бойынша өткізілуі дәстүрге айналған брифингі өтті.
Брифингке Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Ортсайлауком, Сыртқы істер министрлігі және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Брифингті ашқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстан Республикасы Президентінің алдағы сайлауы елдегі демократияны дамытудағы тағы бір маңызды кезең екенін атап өтті.
Өз кезегінде Нұрлан Әбдіров брифингке қатысушыларды сайлау науқанының негізгі ерекшеліктері туралы хабардар етті, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның жекелеген нормаларын қолданысқа енгізу мерзімдеріне жеке тоқталды. «Заңда соңғы конституциялық өзгеріс¬тер көрсетілген, оған сәйкес Президент бұдан былай 7 жыл мерзімге сайланады, бірақ бір реттен артық сайлана алмайды. Бір мәрте жетіжылдық президенттік мерзім туралы норма ресми жарияланғаннан кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң, яғни осы жылдың 17 қарашасында қолданысқа енгізіледі. Осылайша, алдағы 20 қарашада жалпыхалықтық дауыс беру кезінде сайланатын Қазақстан Президентінің қызмет ету мерзімі жаңа конституциялық норма бойынша есептеледі», деді Н.Әбдіров.
Сонымен қатар, ол Орталық сайлау комиссиясы мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыруға ерекше назар аударатынын айтты. ҚР ОСК жанынан мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі Жұмыс тобы құрылды, осы мәселе бойынша жеке отырыс өткізілді. Президент сайлауына дайындық шеңберінде ОСК мүшелері республиканың барлық өңірлеріне барып, аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің дайындығын, дауыс беруге арналған учаскелердің материалдық-техникалық жарақтандырылуын, мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуді тексерді. Жұмыс сапарларының қорытындысы бойынша аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне ОСК мүшелері тарапынан әдістемелік және консультациялық көмек көрсетілді. ОСК төрағасы Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына 641 халықаралық байқаушы, оның ішінде ЕҚЫҰ ДИАҚБ, ТМД, ТМД ПАА, ҰҚШҰ ПА, Түркі мемлекеттері, ТүркПА, ШЫҰ, АӨСШК, ИЫҰ ұйымдары, сондай-ақ 35 шет мемлекеттен байқаушылар Миссиясының өкілдері аккредиттелгенін атап өтті.
«Біз Президенттің кезектен тыс сайлауын байқауға қатысатын халықаралық ұйымдардың миссияларының болуына үлкен мән береміз. Бұл шетелдік серіктестердің осы оқиғаға деген қызығушылығын көрсетеді. Халықаралық байқаушылар үшін ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына дайындық және оны өткізу барысын толыққанды бақылау үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған.
Орталық сайлау комиссиясы дауыс беруді өткізу рәсімдерінің барынша ашықтығын және демократиялығын қамтамасыз етеді,- деді Нұрлан Әбдіров сөзін аяқтап.
Брифинг аясында Нұрлан Әбдіров дипломатиялық миссия басшыларының, халықаралық ұйымдар мен БАҚ өкілдерінің бірқатар сұрақтарына жауап берді.
Іс-шара шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар өкілдерінің үлкен қызығушылығын тудырды.