Қостанай облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру бойынша кеңейтілген кеңес өтті

Қостанай облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру бойынша кеңейтілген кеңес өтті

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен «Таза Қазақстан» ұлттық жобасын іске асыру барысына арналған кеңейтілген кеңес өтті.

Өз сөзінде өңір басшысы экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаның тазалығы мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының біріне айналғанын атап өтті.
– Бүгінде біздің алдымызда тұрған маңызды міндет — қоршаған ортаға ұқыпты қарауға негізделген жаңа экологиялық сана қалыптастыру. «Таза Қазақстан» бағдарламасы адамдарды біріктіріп, олардың бойында болашақ ұрпаққа қандай ел қалдыратынымыз үшін жауапкершілік сезімін оятады, – деді Құмар Ақсақалов.

Кеңесте жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың қорытындылары шығарылды. Биыл елді мекендерді абаттандыруға, көгалдандыруға және экологиялық ахуалды жақсартуға 11,6 млрд теңге қарастырылған.

Оң өзгерістер тек қалаларда ғана емес, ауылдық елді мекендерде де байқалады. Облыс орталығында заманауи стандарттарға сай 7 саябақ абаттандырылуда. Жалпы өңірдегі 80 саябақты жақсартуға 4,3 млрд теңге бағытталды. Сондай-ақ, көше-жол желісін жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде — бұл мақсатқа 102 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 38%-ға көп.

Көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде: көктемде 88,5 мың көшет отырғызылды — бұл жоспардың 83,9%-ын құрайды.
Ауылдық елді мекендерде де оң өзгерістер бар: мемлекет пен бизнес өкілдері бірігіп, саябақтар, балалар және спорт алаңдары салынып, көше шамдары орнатылып, көшелер көгалдандырылуда.

Бағдарламаны іске асыруда жастардың рөлі ерекше атап өтілді.
Кеңесте «Экосақшы» жобасының мүшелері — мектеп пен жоғары оқу орындарының белсенді жастары сөз сөйледі. Жоба елді мекендердің экологиялық жағдайын бақылауға және жастарды табиғатты қорғауға тартуға бағытталған.
Құмар Ақсақалов азаматтық белсенділіктің маңыздылығын атап өтті:
– Қоғамның белсенді қатысуы — кез келген мемлекеттік бағдарламаның сәтті жүзеге асуының кепілі. Экологиялық тәрбие бала кезден басталуы тиіс. Бүгінде жастар – қоршаған ортаның нағыз қорғаушыларына айналып отыр.

Кеңес барысында бағдарламаны тиімді іске асырудың жақсы мысалдары да, кейбір мекемелер мен құқық қорғау органдары тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі де айтылды. Облыс әкімі абаттандыру ережелерін бұзуға дер кезінде әрекет етпеген жағдайлар бойынша қызметтік тексеріс жүргізуді тапсырды.

Құмар Ақсақалов экологиялық патрульдердің жұмысын ерекше атап өтті. «Экосақшы» жобасының қатысушыларына аудан деңгейінде жұмысты күшейтіп, құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста жұмыс істеу, сондай-ақ «Таза Қазақстан» чат-боты арқылы анықталған заңбұзушылықтар туралы ақпарат беріп отыру тапсырылды.

Жаңа бағыттардың бірі ретінде Қостанай ауданына қарасты Мичурино ауылы маңындағы орман алқабында қоғамдық кеңістік құру бастамасы ұсынылды. Бұл – қаланың болашақ «жасыл белдеуінің» бір бөлігі болмақ. Табиғи ресурстар басқармасы мен Қостанай ауданы әкімдігіне осы аумақты абаттандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу тапсырылды.

Кеңесті қорытындылай келе, Құмар Ақсақалов атап өтті:
– Бүгінгі атқарып жатқан жұмысымыз — ертең балаларымыз тыныс алатын ауа. Біз болашақ ұрпаққа тек мұра емес, өмір сүруге қолайлы орта қалдыруымыз керек. «Таза Қазақстан» — бұл бір маусымдық науқан емес. Бұл — жерімізге, үйімізге деген жаңа қарым-қатынастың стандарты.

Жыл соңына дейін тағы бір кеңес өткізу жоспарланып отыр. Онда әрбір ауданның «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарған жұмысына баға берілетін болады.

Қостанай облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру бойынша кеңейтілген кеңес өтті