
1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 47-ші сессияда арнайы қарарда 3 желтоқсанды Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күні деп жариялады.
Сонда ұйым БҰҰ кіретін мемлекеттерді мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық өмірге интеграциялануына ықпал ету үшін түрлі іс-шараларды өткізуге шақырды.
Халықаралық мүгедектігі бар адамдардың күні бірінші кезекте адамдардың назарын мүмкіндігі шектеулі адамдардың проблемаларына аударуға, олардың әлеуметтік, саяси, экономикалық, мәдени, спорттық өмірге қатысуының артықшылықтарына, олардың құқықтары мен қадір-қасиетін қорғауға бағытталған.
Біздің еліміз тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасудың барлық кезеңінде мүгедектікке әкелетін жағдайларды жоюға және мүгедектік салдарымен байланысты мәселелерді шешуге бағытталған дәйекті шараларды қабылдады және қабылдайды.
Бүгінгі күні Қостанай облысында 29446 мүгедектігі бар адам тұрады, оның 3907-і – балалар.
Облыста физикалық мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімді орта құру жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізілуде. Аялдамаларда зағип және нашар көретін адамдарға арналған тактильді жолдар, дыбыстық сигналы бар бағдаршамдар пайда болуда, ғимаратқа кіруді жеңілдететін пандустар салынып, Инватакси қызметтері ұсынылуда.
Соңғы төрт жылда мүгедектігі бар адамдардың мұқтаждығына 1200-ден астам әлеуметтік, инфрақұрылым объектісі бейімделген және бұл жұмыс жалғасуда.
Мемлекет мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шараларын қаржыландыруды жылдан-жылға ұлғайтуда. 2025 жылы осы мақсаттарға шамамен 17,0 млрд. теңге қарастырылған.
Өмірдің қиын жағдайына тап болған 12 000-нан астам адамға, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілуде.
Адамның түрлі өмірлік жағдайларға тәуелсіз болуы өте маңызды. Бұған жұмыспен қамтудың, кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламалары аясында көрсетілетін қолдау шаралары ықпал етеді.
Бүгінгі күні мүгедектігі бар адамдар жаңа кәсіптерді игеріп қана қоймай, отандық, халықаралық қорлардың гранттарын ұтып, микрокредиттер алып, өз бизнестерін ашуда.
Соңғы жылдары физикалық, интеллектуалдық, әлеуметтік немесе басқа да айырмашылықтарға қарамастан мүгедектігі бар адамдар үшін қоғамдық өмірдің барлық салаларында тең мүмкіндіктер алуға ықпал ететін инклюзивті қоғам мен инклюзивті ортаны құруға баса назар аударылады.