Үкімет басшысына ықтимал су тасқынына жол инфрақұрылымының дайындығы туралы ақпарат берілді

Үкімет басшысына ықтимал су тасқынына жол инфрақұрылымының дайындығы туралы ақпарат берілді

ҚР Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Премьер-Министр Әлихан Смайыловке республикалық автомобиль және темір жолдарының көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындығы туралы айтып берді.

ИИДМ басшысы су тасқыны кезеңіне дайындық ерекше бақылауда екенін, сондай-ақ ықтимал қауіпті уақтылы алдын алып, жою үшін су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарлары бекітілгенін, орталық және өңірлік деңгейлерде комиссиялар құрылғанын жеткізді. Автожолдарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, жол құрылыстарына күнделікті патрульді бақылау жүргізіліп келе жатқаны белгілі болды.

Алдыңғы жылдардағы су тасқыны мезгіліндегі деректерді ескере отырып, республикалық автожолдар желісінде айрықша қадағалауды талап ететін 387 қауіпті учаске, 74 көпір және 818 су өткізу құбыры айқындалды. Бұл нысандарға 500-ге жуық жол-тазарту техникасы бекітілген. Ақпан айынан бастап 5 742 су өткізу құбырын қардан тазарту бойынша профилактикалық жұмыстарды ұйымдастыру жоспарланған.

«Қазір 13 мың текше метр құм, 3 мың текше метр тас, 11 мың текше метр қиыршық тас және құм-қиыршық тас қоспасымен толтырылған 15 мыңдай қап, сондай-ақ 244 мың литр жағармай дайындалды. Қажетті материалдардың дайындығы 50% құрайды. 15 ақпанға дейін қажетті материалдарды дайындау 100%-ға дейін жеткізіледі», деді министр.

Бұдан басқа автожолдарды жаңғырту аясында тасқын қаупі бар учаскелерде еңістерді нығайту, ағынды ұстайтын құрылыстарды салып, үйіндінің биіктігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қоса ескі су өткізу құбырларын үлкен диаметрлі жаңа үлгілеріне ауыстырып, олардың санын көбейтуге байланысты жұмыс жүзеге асырылып келеді.

Ведомство басшысы кейінгі 3 жылда автокөлік жолдарын жаңғырту жұмыстары аясында су тасқыны қаупі бар учаскелер саны 472-ден 387-ге дейін азайғанын атап өтті.

Марат Қарабаевтың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс еліміздің теміржолдарында да мықтап қолға алынды. Пойыздардың үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету, сондай-ақ жолдар мен жасанды құрылыстарды уақтылы дайындау үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ №957-ЦЗ бұйрығын бекітіп, соған сәйкес су тасқыны кезеңінде қажетті ұйымдастыру-техникалық іс-шаралар қарастырылып отыр.

Алдыңғы жылдардағы тәжірибені талдау негізінде барлық өңір бойынша 673 қауіпті орын анықталып, су тасқыны кезеңінде аталған аймақтарда тәуліктік кезекшілік пен айналма жолды ұйымдастыру көзделген.

Қазір еліміздегі су қоймалары мен агротехникалық бөгеттердің жағдайына тексеру басталып, көпірлердің, құбырлардың, дренаждық құдықтардың саңылауларын қардан тазарту, сол сияқты тау және су бұру арықтарын, науалар мен жыраларды (кюветтерді) ашу бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ облыстық ТЖ бөлімшелерімен өзара іс-қимыл бойынша арнайы шаралар пысықталуда.

«Шойынтас пен рельс пакеттері, сондай-ақ кондициясыз темірбетонды шпалдары қарастырылған ағынға қарсы 45 пойыз құрамы жасақталып жатыр. 61 мың адамды эвакуациялауға шақталған 1 713 локомотив пен 1 603 вагон дайындалды. Сонымен қатар 84 өрт сөндіру пойызы мен қалпына келтіруге арналған кран, трактор және бульдозер сынды техникалар тұрақты дайындықта тұр. Қазір жол қашықтығы бойынша 2,4 мың текше метр  тас пен 8 мың кондициясыз темірбетон шпалдары дайындалды», деді М. Қарабаев.

https://www.gov.kz/memleket/entities/miid/press/news/details/493667?lang=kk