
Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру барысына арналған мониторинг орталығының отырысын өткізді. Жиында қоршаған ортаны қорғау мен халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруда цифрлық технологияларды қолдану мәселелері талқыланды.
Премьер-министр жоғары экологиялық мәдениет пен табиғатқа жанашырлық жаңа Конституция жобасының түбегейлі принциптері қатарына енгізілгенін атап өтті. Бұл әрбір азаматтың бойында тазалық мәдениетін қалыптастырып, туған жерге жауапкершілікпен қарауға ықпал етеді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, «Таза Қазақстан» аясында 1 294 іс-шара өткізіліп, 844 мың тонна қалдық жиналды, 1 млн гектар жер тазартылып, 2,9 млн ағаш отырғызылды. Іс-шараларға 6,9 млн адам қатысты.
Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында қоршаған ортаны қорғауда заманауи цифрлық шешімдер енгізілуде. «Қоршаған орта және табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкі», EcoQolday платформасы, орман өртін ерте анықтау жүйелері, Tasqyn болжамдау жүйесі және Tabigat.gov.kz интерактивті картасы іске асырылуда. Ғарыштық мониторинг арқылы 2025 жылы 3 828 заңсыз қоқыс орны анықталған.
Халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытында білім беру саласында бірыңғай экологиялық ағарту стандарты әзірленуде. ЖОО-ларда экоклубтар мен студенттік жасақтар құрылып, қалдықтарды бөлек жинау жобалары жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар бірқатар өңірде жоспарлы көрсеткіштердің орындалмағаны атап өтілді. Осыған байланысты әкімдерге нақты тапсырмалар берілді.
Отырыс қорытындысында Премьер-министр «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыруда жүйелі, цифрлық және ашық тәсілге көшудің маңызын атап өтті.