Арқалық қаласында ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен кеңейтілген жиын өтті. Оған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Лұқпанұлы Тұғжанов пен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Төлегенұлы Тажибаев арнайы қатысты.
Күн тәртібінде өзге өңірлерден қоныс аударушыларды қабылдау, шағын жинақты мектептерді онлайн оқыту жүйесіне көшіру, сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл кәсіпкерлігін дамыту мәселелері қаралды. Жылыжай шаруашылығын көбейту, құс пен ешкі өсіруді жандандыру, ет, сүт, көкөніс өнімдері арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдары да кеңінен талқыланды.
Жиында сөз алған Ералы Тұғжанов:
«Басты міндетіміз – ауылға қоныс аударған әрбір азамат өзін сенімді әрі жайлы сезінетін жағдай жасау. Кәсіпкерлікті қолдау, кооперативтерді дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ауылдың тұрақты болашағының негізі», – деп атап өтті.
Қала әкімі өз кезегінде Ашутасты ауылында қоныс аударушыларға қолайлы жағдай жасау үшін орталықтандырылған жылу жүйесін іске қосу бастамасын ұсынды. Бұл жоба ауылды дамытудағы қанатты үлгі ретінде қарастырылды.
Сонымен бірге ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға қатысты жаңа бастама да ұсынылды. Атап айтқанда, малы көп шаруалар көршілеріне мал беріп, алғашқы жылы жеңілдік жасап, келесі жылдан бастап төлдері арқылы қайтару жүйесін енгізу жоспарлануда. Бұл үшін мал иесі, мал алушы және ауыл әкімі арасында үшжақты келісімшарт жасалатыны айтылды.
Жиын қорытындысында ауылдарды өркендету мен қоныс аударушыларға қолдау көрсету өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге тікелей ықпал ететіні атап өтілді.