
Қостанай облысындағы қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы брифинг барысында Қостанай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлим Досумова ақпарат берді.
Оның мәліметінше, жыл басынан бері қызылшаның 153 жағдайы тіркелген, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 52 жағдайды құраған. Аурушаңдықтың ең жоғары деңгейі Қостанай және Арқалық қалаларында, сондай-ақ Қостанай және Амангелді аудандарында тіркеліп отыр.
«Қызылша – ауа-тамшылы жолмен жұғатын, өте жұқпалы жедел вирустық инфекциялық ауру. Контагиоздылық индексі 93–95%-ға дейін жетеді, бұл инфекцияның аса жоғары жұқпалылығын көрсетеді», – деп атап өтті спикер.
Ауруға шалдыққандардың 90,8%-ын екпе алмаған адамдар құрайды. Оның ішінде себептер ретінде екпе жасына толмау, вакцинациядан бас тарту, екпе мәртебесінің анықталмауы және медициналық қарсы көрсетілімдер көрсетілген.
Жыл басынан бері эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 804 адамға вакцина егілген, олардың 593-і – балалар.
Өз кезегінде Қостанай облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айдана Бүркітбаева:
«Облыстағы медициналық ұйымдар вакцинамен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілген. Вакцинация Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесі аясында тегін жүргізіледі. Бұл – қызылшадан қорғанудың жалғыз тиімді жолы», – деп атап өтті.
Мамандар уақтылы вакцинация тұрақты, өмір бойына жететін иммунитет қалыптастыратынын және қызылшаның ауыр салдарларынан сенімді түрде қорғайтынын еске салады.