
Мемлекет Басшысының тапсырмасын орындау мақсатында прокуратура құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп, есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша күшейтілген жұмыс жүргізуде.
Арнайы прокурорлар интернеттегі есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша бірқатар ірі істерді тергеп-тексеруді аяқтап, сотқа жіберді.
Шымкентте Telegram мессенджері арқылы жұмыс істейтін халықаралық есірткі желісінің жолы кесілді.
Тергеп-тексеру басқа құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп жүргізілді.
Прокуратураның бастамасымен қазақстандық жедел- тергеу тобына халықаралық деңгейде осы жұмыста тәжірибесі бар АҚШ-тың есірткі бизнесіне қарсы күрес ведомствосының (DEA) қызметкерлері енгізілгенін атап өткім келеді.
Қылмыстық схемаға 300-ден астам адам қатысқан.
Тек екі айыпталушының транзакциялары бойынша айналым 7 миллион АҚШ долларынан асқаны белгілі болды.
24 адам ұсталды, олардың арасында Ресей, Өзбекстан және Ауғанстан азаматтары бар.
500 миллион теңгеден астам мүлік тәркіленді.
Ақша «дропперлердің» банк карталары және лицензияланбаған криптобиржалары арқылы аударылып отырған.
Криптовалюталардың түпкілікті алушылары — шет елдердің азаматтары.
Сондай-ақ тергеу барысында Шымкент аумағынан екі есірткі зертханасы табылып, олар жойылды.
Олардан:
– 6,1 кг дайын мефедрон;
– 330 грамм сатуға арналған оралған есірткі;
– 2,1 тонна прекурсор;
– есірткі өндіруді қамтамасыз етіп отырған зертханалық жабдықтар жиынтығы алынды.
Қылмыстық желі «Карбон», «DDD_Shym» және басқа Telegram арналарын пайдаланған, олар арқылы есірткі таратылып қана қоймай, сонымен қатар «алғашқы қолданушыларға» оларды өндіру әдістерін үйреткен.
Кейбіреулер прекурсорларды жеткізетін және айналымды бақылайтын негізгі желімен байланысын сақтай отырып, өз арналарын ашты.
Мыңдаған адамдар, сондай-ақ олардың отбасылары осы заманның кесапатының зиянды ықпалынан қорғалуда. Қазақстанның құқық қорғау және арнаулы органдары азаматтардың құқықтарын қорғау және тыныштығын қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда.