Су тасқыны кезіндегі ауыз судың қауіпсіздігі туралы
Көктемгі су тасқыны халық денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді. Қардың жаппай еруі салдарынан елді мекендерді су басу қаупінің төнуіне байланысты ауыз сумен жабдықтау көздеріне еріген сумен химиялық, органикалық және биологиялық лас заттар түсіп ауыз су сапасы уақытша нашарлауы мүмкін. Далада, өрістерде қар еріп, өзендер мен көлдерде мұздар еріп, жауын-шашын мөлшері арта түскенде судың топырақ арқылы инфильтрациясының күшейіп, ауыз су сапасының нашарлауына алып келуі мүмкін.
Ауыз су сапасына қойылатын талаптарды реттейтін санитариялық қағидалардың талаптарына сәйкес, ауыз су эпидемиялық тұрғыдан қауіпсіз, химиялық құрамы жағынан зиянсыз және қолайлы органолептикалық қасиеттерге ие болуы керек.
Халық суды орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелерінен басқа, эпидемиологиялық тұрғыдан күмәнді болып табылатын орталықтандырылмаған су көздерін де, яғни бұлақтар мен құдықтарды пайдаланады.
Су тасқыны кезеңінде құдық суының ластануы көбінесе, құдықтың айналасындағы қоршау тұтастығының бұзылуынан ластанған судың құдыққа ағып түсуінен, сондай-ақ құдықты су басқан кезде орын алады.
Бұлақ көздерінің сулары химиялық және микробиологиялық ластанудан қорғалмаған. Ауыз судың эпидемиялық тұрғыдан қауіпсіздігі патогендік бактериялардың, вирустардың және қарапайым микроорганизмдердің болмауымен анықталады.
Су тасқыны кезеңінде және қар еріген кезде су түрлі қосындылармен, оның ішінде жұқпалы аурулардың қоздырғыштарымен ластануы мүмкін, бұл ең алдымен, іш сүзегі, дизентерия, вирустық этиологияның жіті ішек инфекциясы, А вирустық гепатиті сияқты жұқпалы ауруларға қатысты.
Бұл аурулардың алдын алу үшін су тасқыны алдында аула аумағын қоқыстан тазарту, қазылған шұңқырларды тазарту, шөп, қи, отын, құрылыс материалдарын сақтау орындарын ретке келтіру, үйден және шаруашылық құрылыстардан алыс жерде сақтау қажет.
Су тасқыны кезеңінде ғана емес, алдын ала, су тасқыны басталғанға дейін мына шараларды қолдану ұсынылады:
- құдықтарды қақпақтармен жабдықтау;
- ауыз суды сақтауға арналған ыдыстарды дайындап қою;
- бұлақ пен құдықтардан алынған ауыз суды қолданар алдында, әсіресе, су тасқыны кезеңінде, оны зарарсыздандыру керек, мысалы, қайнату, жоғары дәрежелі тұрмыстық сүзгілерді қолдану қажет;
- ішу үшін қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану;
- жеке гигиенаны сақтау;
- зертханалық зерттеулердің тиісті нәтижелерін алғанға дейін, тасқын сулармен ластанған су құбыры мен құдық суын ауыз су мақсатында пайдаланбау керек.
Халық арасында жұқпалы аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алу мақсатында, су басқан аумақтағы құдықтардан ауыз су мақсатында пайдалану үшін арналған суды, қайнату арқылы зарарсыздандыру қажет.
Сумен жабдықтау көзін (құдықтар, бұлақ шегендері) және оған іргелес аумақты су басқан кезде және құдыққа дезинфекция жүргізу мүмкін болмаған жағдайда, ауыз су мақсатында бөтелкедегі суды пайдалану керек.
Көктемгі су тасқыны аяқталғаннан кейін жабдықтар мен бекіткіштерді ағымдағы жөндеумен бірге құдықты тазалауды, сондай-ақ оларды қолдану жөніндегі нұсқауларға сәйкес, құдықты Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген құралдармен дезинфекциялық жұмыстар жүргізуді ұсынамыз.
Алдын алу шараларын орындау арқылы Сіз өз денсаулығыңызды сақтай аласыз!
«Жітіқара аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ жетекші маманы Жумагалиева А.С.