
Жітіқара қаласындағы Тәуелсіздік алаңында Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Биылғы мереке еліміз үшін айрықша кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енген алғашқы күндер ел дамуының жаңа кезеңін айқындап, ұлттық құндылықтарды сақтау, тарихи мұраны қастерлеу және қоғамдық бірлікті нығайту қағидаттарына негізделген жаңа бағытты паш етеді.
Қала тұрғындары мен қонақтарына шығармашылық ұжымдардың, жеке орындаушылар мен қазақтың ұлттық аспаптар ансамбльдерінің қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды.
Іс-шара аясында ұлттық музыка өнерін сақтау, дамыту және кеңінен насихаттау жолында елеулі еңбек етіп жүрген мәдениет саласының өкілдері Алғыс хаттармен марапатталды.
Мереке аясында домбыраның тарихы мен қазақ халқының мәдениетіндегі орнына арналған тақырыптық көрме де көпшілік назарына ұсынылды. Бұл мереке – халқымыздың төл мәдениеті мен рухани мұрасына деген құрметтің, ұлттық бірлік пен сабақтастықтың жарқын көрінісі.