Наурыз мейрамына арналған іс-шаралар

Наурыз мейрамына арналған іс-шаралар

Жітіқара ауданында жаңару, бірлік пен ізгіліктің мерекесі - Наурыз мейрамына арналған ауқымды іс-шаралар өтті.

Жітіқара қаласының орталық алаңында аудан тұрғындары мен қонақтарының қатысуымен халық сайраны ұйымдастырылды. Жиналған қауымға арнап концерттік бағдарлама ұсынылып, этнографиялық киіз үйлер жұмыс істеді. Онда қонақтар ұлттық дәстүрлермен танысып, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты.

Мерекелік шаралар аудандық Мәдениет сарайында өткен «Тамаша» атты жарқын шоу-бағдарламамен жалғасып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй мен көктемгі шаттық сыйлады.

Іс-шаралардың маңызды бөлігінің бірі - ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге бағытталған «Dastarhan Fest» аспаздық байқауы болды. Қатысушылар өз шеберліктерін көрсетіп, шығармашылық тұрғыда түрлі қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынды.

Мереке аясында заманауи форматқа да ерекше көңіл бөлінді. «Digital Nauryz» жобасы ұлттық құндылықтар мен цифрлық технологиялардың үйлесімін көрсетіп, Наурыз дәстүрлерінің жаңа заманмен үндесіп дамып келе жатқанын айқындады.

Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлерінен – аударыспақ пен бәйгеден жарыстар өтіп, оған аудан мен көршілес өңірлерден қатысушылар жиналды. Бұдан бөлек, «Jitiqara arena» кешенінде 67 спортшының қатысуымен қазақ күресінен турнир ұйымдастырылды.

Жалпы, Наурыз мейрамын мерекелеу жоғары деңгейде өтіп, ұлттық мұраны сақтау, қоғамдық келісімді нығайту және дәстүр мен заманауи бастамалардың үйлесімді сабақтастығын айқын көрсетті.