Бақша дақылдары (қарбыз, қауын, асқабақ) дәрумендерге, минералды заттарға және жасұныққа бай құнды тағам өнімдері болып табылады. Алайда олардың сапасы мен қауіпсіздігі санитариялық заңнама мен техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес болуы тиіс.
Бақша дақылдарын өткізу кезінде олардың сапасы мен қауіпсіздігіне бақылаудан өткен шаруашылықтардан жеткізілгені қамтамасыз етілуі қажет. Әрбір өнім партиясы белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттармен сүйемелденуі тиіс.
Бақша дақылдарының қауіпсіздігінің негізгі көрсеткіштері – нитраттардың, пестицидтердің, улы элементтердің, радионуклидтердің мөлшері және бүліну белгілерінің болмауы. Нитраттардың рұқсат етілген деңгейден артық болуы адам денсаулығына, әсіресе балалар мен жүкті әйелдерге кері әсер етуі мүмкін.
Шіру, көгеру, механикалық зақымдану, ластану белгілері бар, сондай-ақ сақтау және ластанудан қорғау талаптары сақталмай кесілген қарбыздар мен қауындарды сатуға жол берілмейді.
Сатып алу кезінде өнімнің сыртқы түріне, қабығында жарықтар мен зақымдардың болмауына, сатушы және өнімнің шығу тегі туралы ақпараттың болуына назар аударған жөн. Бақша дақылдарын рұқсат етілмеген сауда орындарынан, автомобиль жолдарының бойынан және санитариялық талаптар сақталмайтын жерлерден сатып алуға болмайды.
Бақша дақылдарының сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды сақтау тағамнан уланудың алдын алуға және халықты қауіпсіз әрі сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Жітіқара аудандық
санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ
жетекші маманы Байдильдинова А.К.