Ауыл спортына дем беріп отырған Жангелдин: өңірлік дамудың үлгісі

Ауыл спортына дем беріп отырған Жангелдин: өңірлік дамудың үлгісі

Жангелдин ауданы — бұқаралық спортты жүйелі түрде дамытып, салауатты өмір салтын дәріптеуде алдыңғы қатарда келе жатқан өңір. Аудан әкімдігі бұл бағытты стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде қарастырып, ауыл жастары үшін нақты әрі нәтижелі істер атқарып келеді.
Бүгінде аудан бойынша жалпы 57 спорттық нысан тұрғындардың пайдалануына берілген. Бұл көрсеткішке ауылдар мен ауылдық округтер де кіреді. Атап айтқанда:
-1 стадион,
-2 спорт кешені,
- 20 спорт залы (оның ішінде мектептерде – 16, спорт мектебінде – 2, кешендерде – 2),
-33 жазықтық спорт алаңы, оның ішінде 21 — классикалық спорт алаңы, 12 — жасанды жабындысы бар шағын футбол алаңы,
- 1 ашық хоккей корты бар.
Спортпен айналысушылардың жалпы саны — 4424 адам, ал спорт үйірмелерінің саны — 202. Бұл — ауыл жастарының белсенділігін, инфрақұрылымның қолжетімділігін айқындайтын нақты көрсеткіш.

Тек жаттығу емес, нәтиже де бар
Жангелдин ауданының жастары облыстық және республикалық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Қазақ күресі мен дзюдодан өңір намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылар қатарында Қазымбек Ақжол, Айбек Жайлау, Жұмақанов Санжар, Үмітқали Бағдат, Сағитбек Асылан сынды таланттар бар.
2024 жылдың қаңтар–шілде айларында өткен Қостанай облысы чемпионатында волейболдан Жангелдин ауданының ерлер құрамасы 3-орынға ие болды. Бұл — аудандық деңгейде емес, өңірлік аренада да жангелдиндік спортшылардың бәсі биік екенін көрсетеді.

Жаңа буыннан үлкен үміт
Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері де үздік нәтижелерімен көзге түсіп жүр. Дзюдо мен қазақ күресінен Ерхан Төлеухан, Ерлік Райсов, Әбдінұр Қосылбек, Елдос Төлеухан, Нұрасыл Нұраш және Ералы Біржікенов — түрлі жарыстардың жүлдегерлері.
Тоғызқұмалақтан Бақыт Наргиз, Айтмағанбетова Айлана, Бақыт Жанайым сынды оқушылардың есімі де жарыстарда жиі аталып жүр.
Бокста — Серік Ахметжан, Қайыр Сұлтан, Аяжан Қапсаматова және тағы басқалары ауданның намысын қорғап келеді.

Ауыл спорты — ұлттық рухтың тірегі
Жангелдин ауданы — ауыл спортының тіршілігін сақтап қана қоймай, оны жүйелі дамыту арқылы өзге өңірлерге де үлгі бола алған өңір. Бұл жерде спорт — тек физикалық шынығу құралы емес, рухты көтеретін, бірлікті арттыратын, болашаққа сенім беретін құндылық ретінде қарастырылады.
Ауыл спорты өркендесе — ұлттың іргесі бекиді. Жангелдин ауданы осы жолда нақты іспен жауап беріп отыр.