Листериоздың алдын алу шаралары

Листериоздың алдын алу шаралары

Листериоз – адамның, ауылшаруашылығы жануарларының және кеміргіштердің табиғи-ошақты жұқпалы ауруы. Листериоздың қоздырғыштары - Listeria тұқымдасының микроорганизмдері болып табылады. Табиғатта жұқпаның негізгі резервуары кеміргіштердің көптеген түрлері, негізінен тышқандар болып табылады. Сондай-ақ ауылшаруашылығы жануарлары да жұқпаның жиі көзі болуы мүмкін. Листериоз қоздырғышы сыртқы ортада жоғары төзімді. Олар нәжісте, топырақта, дәндерде, мұзда ұзақ сақталады, тоңазытқыш температурасында (+4 - +6о С)  көбейе алады, қыздырғанда, дезинфекциялаушы заттардың әсерінен тез өледі. Жұқпаның берілу жолдары – алиментарлы, су, байланыс (етті жіліктеу және теріні өңдеу кезінде) арқылы, аэрогенді және трасмиссивті, сондай-ақ плацентарлы (ауру анадан ұрыққа). Аурудың инкубациялық кезеңі 3-тен 45 күнге дейін созылады. Листериялар адам ағзасына асқазан-ішек жолдары, тыныс алу мүшелері, шырышты қабаттар, зақымдалған тері және плацента арқылы енеді. Ауру клиникалық көріністің полиморфизмімен – жеңіл, жасырын түрінен ауыр тонзиллитке, сепсиске, менингитке, менингоэнцефалитке және басқаларға дейін, ал жүкті әйелдерде – түсік тастау, өлі туу, ұрықтың дамуының әртүрлі аномалиялары, жаңа туған нәрестелер мен 1 жасқа дейінгі балаларда өлім-жітім жоғары ауыр ағыммен (20-25%) сипатталады. Листериозды жұқтыру қаупі бар ең қауіпті контингенттер – жүкті әйелдер, жаңа туған нәрестелер, қарттар және иммунтапшылығы бар адамдар. Аурудың негізгі қаупі адамның иммундық қорғанысының төмендеуімен листериоздың созылмалы түрге өтуі қаупіне негізделген. Листериоз әсіресе жүкті әйелдер үшін қауіпті, себебі ол түсік түсіруге немесе өлі тууға әкелуі мүмкін. Листериоздың алдын алу үшін әрбір адам жеке гигиена және қауіпсіз тағам дайындау ережелерін сақтауы керек. Тамақ өнімдерінде листериоз пастерлеу және термиялық өңдеу арқылы жойылады. Сондықтан шикі немесе жеткіліксіз термиялық өңдеуден өткен сүт және ет өнімдерін, салқын ысталған балық өнімдерін жеуге болмайды және көкөністер мен жемістерді қолданар алдында жақсылап жуу керек. Жануарларды күту кезінде барлық сақтық шараларын сақтау, жеке қорғаныс құралдарын пайдалану және жануарлармен байланыста болғаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу қажет.