Кене энцефалиті – бұл ми мен жұлынға әсер ететін инфекция. Көбінесе КЭ вирусы адамға жұқтырған кененің шағуы арқылы беріледі. Егер Сіз жақын арада демалысқа баруды жоспарласаңыз, онда кене энцефалитінің алдын алу жолдары туралы білу өте маңызды. Кене энцефалиті – табиғи-ошақты инфекциялар тобына жататын, жедел өтетін жұқпалы ауру. Бұл ауру адамның түрлі ағзалары мен мүшелерін, ең алдымен, орталық жүйке жүйесін зақымдаумен сипатталады. Тіпті ауру адамның денесі салданып, бара-бара мүгедек болып қалады. Иксод кенелері деп аталатын түрі кене энцефалитін таратады. Адам бұл ауруды кене шаққан кезде немесе шаққан орнын қасыған кезде, кейде ауру жұқтырған ешкінің сүтін шикідей ішкен кезде жұқтырады. Кене энцефалитінің эпидемиялық маусымы сәуір айынаң қыркүйек айына дейін созылады, барынша белсенді болатын кезі – мамыр және маусым айының бірінші жартысы. инфекцияның негізгі белгілері: Әлсіздік, Дене қызуының көтерілуі (38-39 С дейін) және қалтырау, Қатты бас ауыруы, Қатты жарыққа қарай алмау, Ұйқының бұзылуы, Бұлшық, еттердегі ауырсыну (мойын, иық, кеуде, бел, қол-аяқ), Бет гиперемиясы (терінің қызаруы), Жүрек айну және құсу, Құрысулар, Қол мен аяқтың салдануы, Сөйлей алмау немесе қозғалысты бақылай алмау, Төменгі қабақтың түсуі (птоз), Сананың жоғалуы. Кене энцефалитінен қорғаудың ең сенімді шарасы - кене энцефалитіне қарсы вакцинация. Энцефалит бойынша қауіп ошақтарында жұмыс істейтін адамдар: геологтар, орманшылар, аңшылар міндетті түрде вакцинациялануы қажет. Вакцинация аурудан тиімді қорғайды.