
Химиялық заттардың улылығы мен қауіптілігі. Қазіргі уақытта химияландыру халық шаруашылығының барлық саласына ғана емес, адам тұрмысына да кең енді. Бүгінгі күнде химиялық заттардың 4 млн көп түрі белгілі, олардың ішінде 50 мыңы дүниежүзілік нарыққа енгізілген. Сонымен қатар, жыл сайын 1000-нан аса жаңа химиялық қоспалар жасалып шығарылады. Осының бәрі химиялык заттардың қоршаған ортада: атмосфера, жер қыртысы, жер беті және жер асты суларының шығу көздеріне таралуына әкеліп соғады. Қоршаған ортаның ластануының ішінде химиялық ластану ең басты болып саналады. Әр түрлі заттардың улылығына байланысты, оны белгілі бір қауіптілік класына жатқызады. ЮНЕП глоссариясының (қоршаған ортаны қорғау бойынша біріккен үлттар ұйымының бағдарламасы) келісімімен заттардың қауіптілігі деп, осы заттарды нақтылы жағдайда қолданылғандағы денсаулыққа зиянды әсерінің пайда болу мүмкіндігін айтады.
Қауіптілік 4 класқа бөлінеді: 1-ші класс – өте қауіпті; 2-ші класс – жоғары қауіпті;
3-ші класс – қауіпті; 4-ші класс – қауіптілігі аз. Заттың қауіптілігі қоршаған ортаға да байланысты анықталады. Белгілі бір қосылыс әр түрлі ортада әр түрлі қауіптілік класына жатады. Мысалы, қорғасын мен кобальт атмосферда 1-ші қауіптілік класына, ал суда 2-ші қауіптілік класына жатады; мыс пен никель ауада 2-ші класқа, ал суда 3-ші класқа жатады. Көбінесе заттардың қауіптілік класы атмосфераға қарағанда суда төмен болады. Бірақ сынап, бензпирен қоспалары және кейбір пестицидтер екі ортада да бірінші қауіптілік класына жатады. Химиялық ластаушылардың адамға әсері: флюороз — фтор нормадан тыс көп болған кезде, метгемоглобинемия — нитраттар мен нитриттердің мөлшері көп болған жағдайда, Минамата ауруы — балықта органикалық сынап болған кезде, Итай-Итай ауруы — күрішті құрамында кадмийі бар сумен суғарған кезде және т.б. аурулар байқалады. Су құбыры стансаларындағы тазарту қондырғыларының тиімділігі көбінесе шектелген, сондықтан ауыз судың сапасы су көзі суының сапасына байланысты болады.
Судағы химиялық заттардың ең бірінші нормативтері эпидемиологиялық байқауларға негізделіп мышьяк пен қорғасын үшін тағайындалған. Судағы осы заттардың мөлшері мен суды пайдалану ұзақтығына байланысты халықтың денсаулығы зерттелген. Бірақ мұндай заңдылық ерекше әсері бар кейбір элементтер мен заттарға ғана тән, сондықтан эпидемиологиялық зерттеулер екінші дәрежелі немесе қосымша болып саналады. Суаттар суындағы химиялық заттарға ШРЕК-ті тәжірибе жүзінде белгілеу негізгі әдіс болып саналады. Тәжірибе зияндылықтың үш көрсеткіштері бойынша жүргізіледі: органолептикалық, жалпы-санитарлық және санитарлық-токсикологиялық.