Аскаридоз: белгілері және алдын алу.

Аскаридоз: белгілері және алдын алу.

Аскаридоз - адам ағзасында тіршілік ететін жұмыр құрттардан (нематодтардан) пайда болатын ауру. Жуылмаған көкөністер мен жеміс-жидектерді жегеннен, ластанған топырақ, қайнатылмаған су ішкенде, жуылмаған қолдар арқылы құрттар адам денесіне түсіп, ауру туғызады. Аскаридоздың клиникасында 2 кезең байқалады: бастапқы (миграциялық) және соңғысы (ішектегі). Бастапқы– аскарида дернәсілінің өкпеге қарай миграциясы кезеңінде жөтелу, суық тию белгілері, қышыну, дене қызуы тәрізді уытты-аллергиялық құбылыстар байқалады, жаппай инвазиялау кезінде бронхит, пневмония, демікпе секілді асқынуларға әкеледі. Ал, соңғы ішектегі кезеңінде асқазан-ішек жолдары қызметі ауытқулары  құсу, іш кебу,  үлкен дәреттің бұзылуы сонымен қатар, тез шаршағыштық, ашуланшақтық, бас ауруы, жүрек айнуы, ұйқының бұзылуы, салмақ жоғалту белгілері болады. Алдын-алу және індетке қарсы шаралары.  Алдын алу шараларының негізгісі – паразиттерді тасымалдауы мүмкін адамдарды белсенді анықтау және оларды емдеу. Балаларға дәретханадан кейін және тамақтану  алдын қолды сабынмен жуу, жеміс-жидек, көкөністерді қайнаған сумен жуу, тырнақтарды уақытылы алу,  іш киімдерді күн сайын  ауыстыру сынды т.б ережелермен қарапайым санитариялық-гигиеналық  тазалықты сақтауға үйрету.