Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ)

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ)

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) – кене шағуы немесе ауру жануарлар мен адамдардың қаны арқылы жұғатын аса қауіпті вирусты инфекция. Өлім-жітім көрсеткіші 40%-ға жетуі мүмкін. Вакцинасы жоқ, сондықтан алдын алу шаралары өте маңызды. Инфекцияның жұғу жолдары. Кене шағуы: Ауруды негізінен Hyalomma түрлерінің иксодалық кенелері таратады. Байланыс жолы: Кенені жалаң қолмен жаншу, ауылшаруашылық малдарын (қой, ешкі, сиыр) сою немесе қырқу кезінде жануардың қанымен тікелей жанасу. Адамнан адамға: Науқастың қанымен немесе басқа да биологиялық сұйықтықтарымен тығыз байланыста болғанда жұғады. Аурудың алғашқы белгілері. Аурудың инкубациялық кезеңі 1 күннен 14 күнге дейін (орташа 2-7 күн) созылады. Белгілері кенеттен басталады: Дене қызуының 39-40 градусқа дейін күрт көтерілуі. Қатты бас ауруы, арқаның, мойынның және белдің ауыруы. Көздің қызаруы және бет пен мойынның қан кернеуі. Лоқсу, құсу, іштің өтуі. Ауру асқынғанда тері астындағы қан кетулер, мұрыннан, қызыл иектен қан кету байқалады. Алдын алу шаралары. Қорғаныш киімдер: Табиғатқа (далаға) шыққан кезде денені толық жабатын, ашық түсті киім киіңіз. Репелленттерді қолдану: Кенелерді үркітетін немесе жоятын аэрозольдерді пайдаланыңыз. Тексерілу: Әр 2-3 сағат сайын өзіңізді және жақындарыңызды, үй жануарларын кенеге тексеріңіз. Медициналық көмек: Егер кене шағып алса, оны дереу алып тастау үшін ⁠Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мамандарына немесе жақын маңдағы медициналық пунктке жүгініңіз. Кенені қолмен жұлуға немесе жаншуға болмайды.