Сарып немесе сал ауру /бруцеллез/ (лат. Brucella) – адамдарға жануарлардан берілетін аса қауіпті жұқпалы зоонозды ауру. Бұл ауру адамға ауылшаруашылық малдарынан жұғады. Инфекция көзі сарыппен ауыратын жануарлар қой, ешкі, ірі мүйізді мал, шошқа болып табылады. Адамдар үшін ең қауіптісі – қой-ешкі малы. Сарып бактериясының қоздырғыштары сыртқы ортаға аса төзімді келеді. Мәселен, бруцеллалар әдеттегі температурада шикі сүтте 10 күннен 18 күнге дейін, мұздатылған етте – 47 күннен аса, жүнде – 4 айға дейін, ағынды суда – 12 күнге дейін, топырақта және қида - 4 айға дейін сақталады. Залалсыздандыру заттарының және жоғары температураның әсерлерінен Сарып қоздырғыштары тез өледі. Адамдар ауру жануарларды бағып-күтуде, сою кезінде, жеке бастың алдын алу шараларын сақтамағанда, олардан алынатын шикізаттарды өңдеуде және тамаққа шикі сүтті және одан дайындалған өнімдерді, жеткіліксіз қайнаған етті пайдаланғанда жұқтырады. Жасырын кезеңнің ұзақтығы шамамен 1-3 аптаға, ал кейбір жағдайларда бірнеше айға дейін созылуы мүмкін.
Белгілері: Ауру әдетте біртіндеп басталып, көңіл-күйі нашарлайды, бұлшықеттері ауырады, асқа тәбеті жоғалады, терлейді, жұмысқа қабілеттілігі төмендейді. Көп ұзамай бұл белгілер күшейіп, дене ыстығы 39-40оС-қа дейін жоғарылайды, басы, буындары ауырады, бұлшықеттер мен сүйектері қақсап аурады, әлсіздік, ұйқысыздық пайда болады.
Алдын-алу шаралары: Сарып ауруының жұқтыруын болдырмау үшін жыл сайын малдарды (бруцеллезге) тексеруден өткізу; малда түсік тастау жағдайын тез арада малдәрігеріне хабарлау; балаларды бруцеллезге тексерілмеген малдарға күтім жасауына, олардың төлдерімен ойнауына жол бермеу; мал күтіміне кіріспес бұрын, арнайы киім кию; бұл киімдермен тұрғын үйге кірмеу; жұмысты аяқтағаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу; ауру мал тұрған қораларда тамақ ішпеу, темекі шекпеу; малдәрігерінің алдын-ала қарауынсыз малды союға жол бермеу; малды союды аулада емес, мал сою пункттерінде жүргізу; жеке адамдардан мал сатып алғанда малдәрігерінің рұқсат қағазын талап ету; ет және сүт өнімдерін қатаң белгіленген орындардан алу (базарлар, дүкендер, үлкен сауда нүктелері). Сарып (бруцеллез) бұл емделетін ауру. Дер кезіндегі диагностика мен емдеу жедел бруцеллездің созылмалы сатыға өтуін алдын алады. Әрбір адам бруцеллездің алғашқы белгілері байқалысымен дереу дәрігерге көрінуі керек.