
Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігінің мызғымас негіздерінің бірі. Олар – мемлекетіміздің айшықты белгілері ғана емес, ұлттық бірегейлігімізді, тұтастығымызды және рухани құндылықтарымызды айқындайтын маңызды нышандар.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері – Ту, Елтаңба және Әнұран – тәуелсіз мемлекетіміздің егемендігі мен бостандығының көрінісі болып табылады. Тәуелсіздікке қол жеткізген тарихи кезеңде төл рәміздеріміз дүниеге келді. 1992 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасының Туы мен Елтаңбасы бекітілсе, сол жылдың 11 желтоқсанында Мемлекеттік Әнұран қабылданды. Осы атаулы күнге орай жыл сайын 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні ретінде атап өтіледі.
Мемлекеттік рәміздер – еліміздің тәуелсіздігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамас атрибуттарының бірі. Сондықтан олар әрдайым ерекше құрметке ие болып, жоғары мәртебеге ие.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік рәміздері туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы Конституциялық заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, Мемлекеттік Елтаңбадағы «ҚАЗАҚСТАН» жазуы латын графикасындағы «QAZAQSTAN» нұсқасына ауыстырылды. Тиісті ұлттық стандарттарға енгізілген өзгерістер негізінде мемлекеттік органдарда орналастырылған Елтаңбаларды жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, қазіргі таңда қолданыстағы үлгілер толықтай жаңартылған.
Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы олардың көлеміне қарамастан белгіленген ұлттық стандарттарға толық сәйкес келуі тиіс. Мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі заңмен қатаң реттелген және олардың дұрыс қолданылуы – барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, сондай-ақ азаматтардың міндеті.
Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы. Бұл – ел тәуелсіздігін қадірлеудің, Отанға деген сүйіспеншіліктің нақты көрінісі. Әсіресе, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруда рәміздердің орны ерекше.
Осыған орай, мемлекеттік мекемелерде және ұйымдарда Мемлекеттік Тудың талапқа сай орналастырылуын, оның таза, бүтін және өңі тозбаған күйде болмауын тұрақты бақылауда ұстау қажет. Мемлекеттік Елтаңбаның белгіленген стандарттарға сәйкес келуі қамтамасыз етілуі тиіс.