Дәстүрлі Наурыз мерекесін тойлау дастарқансыз өтпейтіні белгілі. Мұндайда наурызкөже, қаймақ, ет тағамдары сияқты көптеген ұлттық тағамдар әзірленеді.
Сонымен қатар, салаттар, тіске басарлар, кремі бар кондитерлік тәтті өнімдер және тағы да басқа әртүрлі тағамдар дайындалады. Алайда, осы тағамдарды дайындау барысында жеке гигиена талаптарының сақталуына аса зор мән беру қажет. Олай болмаған жағдайда мерекелік дастарқаннан дәм татушының уланып қалуы да әбден мүмкін. Қазіргі уақытта қоғамдық тамақтану объектілерінде ғана емес, үй тағамдарынан да улану қаупі бар. Ботулизм ауруы үй жағдайында дайындалған консервілерді қолданғаннан болады. Уландың алдын алу үшін не істеу керек? «Мереке күндері үйде тамақтан уланудың негізгі себептері сақтау мерзімінің бұзылуы, тез бұзылатын тағамдардың тоңазытқышта тұрмауы керек. Улануды болдырмау үшін, үй жағдайында консервілеу кезінде банкіны қолданар алдында 10-15 минут қайнатып жіберу қажет. Қақпағы көтерілген, түсі бұзылып, иісі шыққан банкілерді жедел түрде жою қажет. Тіпті дәмін де татуға болмайды. Тағамдарды жылумен өңдеу – тағамнан улануды болдырмаудың бірден-бір жолы. Қарапайым ережелерді орындау тамақтан уланудың алдын алады. Осыған байланысты Наурыз мейрамын тойлау және осы мерекедегі демалыс күндері кезінде мынадай қағидаларды сақтауды ұсынамыз: Мерекелік тағамдарды дайындау кезінде оларды сақтау және тұтыну мерзімдерін сақтаңыз. Шикі және дайын тағамдардың бірге сақталуына жол бермеңіз. Ал, олардың сапасыздығына қандай да бір күдік туындаса, өнімдерді, соның ішінде, әсіресе, алдыңғы дастарқаннан қалған тағамдарды мүлдем тұтынбаңыз. Әсіресе, құс етінен дайындалған, жұмыртқа қосылған тағамдар, майонез бен қаймақ қосылған салаттар, кремі бар кондитерлік өнімдер (торттар, бәліштер) ерекше қауіпті.
Алайда профилактикалық қауіпсіздік шаралары қаншалықты мұқият сақталса да, азық-түлік өнімдеріндегі микроорганизмдердің болатынын ескеру қажет.
Айта кетейік, улану белгілері пайда болған жағдайда, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.