Дезинфекция, дезинсекция, дератизация жүргізу кезіндегі талаптар.
Дезинфекциялау құралдарымен (дезинструктор, дезинфекциялаушы, дератизатор) жұмыс істейтін мамандар 5 жыл сайын дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау бойынша кәсіби даярлықтан өтеді. Жұмысқа орналасқан кезде қызметкермен қауіпсіздік техникасы және дезқұралдармен уланған кезде дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету бойынша нұсқамалық жүргізіледі. Дезинфекциялау құралдарын, міндетті түрде жапсырмалары бар түпнұсқа қаптамаларда, құрғақ және қараңғы жерде, бөлек, жақсы желдетілетін бөлмеде сақтау қажет. Дезинфекциялық ерітінділер өндірушінің нұсқауларына сәйкес дайындалады. Дезинфекциялық ерітінділерді (сұйылту) дайындау үшін эмальданған, шыны, пластикалық ыдыстар қолданылады. Жұмыста қолданылатын ерітінділерді дезқұралдың атауы мен концентрациясы, ерітіндіні дайындау күні мен жарамдылық мерзімі көрсетілген, қақпағы тығыз жабылатын ыдыста сақтайды. Дезинфекция, дезинсекция және дератизация жүргізу үшін Қазақстан Республикасы мен Еуропалық экономикалық одақ аумағында қолдануға рұқсат етілген құралдар қолданылады. Жарамдылық мерзімі өткен, зақымдану белгілері болған жағдайда (түсінің өзгеруі, бөгде элементтердің болуы) дезқұралдар нормативтік талаптарға сәйкес есептен шығарылады және жойылады. Дезинфекциялық ерітінділерді дайындау кезінде қызметкер жеке қорғаныс құралдарын, яғни халат, комбинизон, алжапқыш, резеңке қолғап, маска немесе респиратор, қорғаныш көзілдірігін қолдануға міндетті. Ішуге, жеуге және темекі шегуге, сондай-ақ жылыту құрылғыларын қосуға тыйым салынады, өйткені олар дезқұралдың булануын күшейтуі мүмкін. Дезқұралдармен жұмыс істегеннен кейін қызметкер арнайы киімді шешіп, оны арнайы бөлінген жерге салып қояды, үйде арнайы киімді сақтауға және жууға жол берілмейді. Содан кейін дененің ашық жерлерін сабынмен жуып, қажет болған жағдайда ылғалдандырғыш кремді жағу қажет. жұмыс орнында ішінде лейкопластырь, мақта, таңғыш, медициналық қолғап, 70% спирт, 5% йод ерітіндісі, альбуцид көз тамшылары, белсендірілген көмір бар медициналық қобдиша болуы тиіс. Денсаулыққа абайсызда зиян келтіру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Дезинсекцияның қауіпсіздік ережелерін бұзу қатты улануға әкеліп соғуы мүмкін.
2024 жылғы шілдеден бастап ҚР Денсаулық сақтау министрінің № 51 бұйрығымен денсаулық сақтау саласындағы дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау бойынша қызметтерді көрсетуге арналған лицензияланатын қызмет түріне қойылатын біліктілік талаптарын регламенттейтін «Денсаулық сақтау саласындағы дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау бойынша қызметтерді көрсетуге лицензия беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары бекітілді. Яғни, дезинфекция, дезинсекция, дератизация қызметтерін көрсететін барлық ұйымдар оны жүргізу құқығына лицензия алуға міндетті. Лицензияны беру аталған қызметтерді көрсететін объектінің орналасқан жері бойынша ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерімен жүзеге асырылады. «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» ҚР Заңының 17-бабына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың осы Заңда рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) тиісті рұқсат алмай немесе тиісті хабарлама жібермей жүзеге асыруына жол берілмейді.