Қостанай облысы әкімдігінде облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен мемлекеттік мәдениет саясатын жүзеге асыру мәселесіне арналған кеңес өтті. Жиында мәдени игіліктердің қолжетімділігі, инфрақұрылымды дамыту, халық шығармашылығын қолдау және тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелері талқыланды.
Басты басымдық – инфрақұрылымды дамыту
Соңғы үш жылда облыста мәдениет саласына бөлінетін қаражат 71%-ға өсті. 2025 жылы бұл көрсеткіш 18,5 млрд теңгені құрайтын болады. Қаражаттың негізгі бөлігі мәдениет нысандарын салуға, қайта жаңғыртуға және күрделі жөндеуге бағытталған, әсіресе ауылдық елді мекендерде.
Атап айтқанда, соңғы жылдары Үлкен Чураков, Арқа, Пригородное және Ершов ауылдарында жаңа Мәдениет үйлері салынды. Биыл Ұзынкөл ауданына қарасты Троебрат ауылында демалыс орталығының құрылысы аяқталады. Арқалық пен Аманқарағайда күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.