Тағамнан улану - санитариялық-эпидемиологиялық қызметті алаңдатып отырған өзекті мәселелердің бірі. Қазірде дүкендер мен базарлар сөресі ерте піскен өнімдерге лық толы. Олардың бірқатары оңтүстіктен әкелінсе, бірқатары жылыжайларда өсірілген. Олардың пісуін жеделдету үшін құрамында нитраттары бар тыңайтқыштар қолданылады. Алайда, олар мөлшерден тыс болса, тағамнан улануға әкелуі әбден мүмкін. Денсаулыққа нитраттардан гөрі метаболиттер-нитриттер қауіпті екенін ұмытпаған жөн. Құрамында белгіленген нормадан тыс нитраттары бар тағамдар жегенде ағзаның оттегі жетіспеушілігін тудыратын метгемоглобинемия аса қауіпті. Аудан халқын сақтандыру мақсатында ерте піскен табиғат сыйын пайдалану кезінде сақ болулары сұралады. Қолдан немесе стихиялық базардан көкөніс сатып алмаған жөн. Тексеруден сырт қалғысы келген сатушы өнімді белгіленбеген жерден сатқанды жөн көреді. Бақша өнімдерін ұйымдастырылған базардан немесе дүкендерден сатып алған сенімдірек. Өйткені сауда желілерінде сатылған азық-түліктің жауапкершілігі әкімшілік, сатушы, ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханаларының қызметкерлеріне жүктеледі. Бақша өнімдерін сатып алу кезінде олардың қауіпсіздігін дәлелдейтін құжаттарды талап етуді ұмытпаңыз. Қарапайым тамақтан улану ықтималдығын болдырмау үшін кез келген жеміс-жидек сатып алған кезде келесі негізгі ережелерді сақтау керек:
- қарбыз немесе қауын сатып алғанда, қабығының жарықсыз, сызатсыз және майыспай бүтін болуына назар аудару керек. Жемістерді тасымалдау кезінде жиі лақтырады, қабығының жарығы арқылы бактериялар ішіне кіріп кетуі мүмкін, ал майысқан жерлері көбінесе қарбыздың мәйегінің қышқылдануына әкеледі;
- кесілген жидектерді сатып алуға болмайды, қарбыздың сыртындағы лас пышақпен кескен кезде мәйегіне оңай түседі;
- сатып алған жерлерде жуылмаған жемістерді тұтынбаңыз және жидектердің піскенін тексеру үшін ешқашан кесіп алмаңыз, өйткені көп жағдайда лас пышақтар қолданылып, жидек мәйегіне ішек инфекцияларының қоздырғыштары түсіп бактерия жұқтыруына әкелуі мүмкін;
- жемісті кесер алдында жидектің сыртындағы кірдің мәйекке түсіп кетпеуі үшін щеткамен ағып тұрған судың астында жақсылап жуу керек;
- жидекті келесі күнге қалдырмай бірден жеп қойған жөн, өйткені шырынды мәйегіндегі қанттың көп болуы оны бактериялар үшін құнарлы ортаға айналдырады. Егер қарбыз немесе қауын желінбей қалса, кесілген жерді тағамға арналған үлдірмен жауып, тоңазытқышқа шикі азық-түліктен (жұмыртқа және шикі еттен) бөлек қою керек;
- жемістің негізін қабығына дейін жемеген дұрыс, қарбыздағы нитраттар біркелкі бөлінбейді, олар қабығы мен жеміссабағаны көбірек жақын болады, сондықтан балаларға жемістің ортасындағы негізін берген дұрыс.
Осы айтылған ұсынымдарды тұрақты түрде қолдансақ тамақтан улану жағдайларын болдармай, алдын алуға болады.