Кәсіптік аурулардың алдын алу.

Кәсіптік аурулардың алдын алу.

Кәсіби аурулар – белгілі бір мамандыққа байланысты кәсіпорынның зиянды әсерінен болатын кесел. Кәсіби аурулар кәсіпорындардағы санитариялық-гигиеналық ережелердің дұрыс орындалмауынан, шу, діріл, тағы басқа әсерінен пайда болады. Мысалы, шаң-тозаңы көп жерде жұмыс істеген адамның өкпесі пневмокониозға (өкпені шаң басу), ал радиоактивті препараттармен жұмыс істейтіндер сәуле ауруына шалдығады. Қатты дірілдейтін аспаптармен ұзақ уақыт жұмыс істеу тамыр неврозына (ангионеврозға) ұшыратады. Мал шарушылығындағы адамдар ауру мал арқылы түйнеме, маңқа, сарып, туляремия ауруын жұқтырып алуы мүмкін. Кәсіптік зиянды әсерлер тек кәсіби ауруларды ғана емес, басқа аурулардың да пайда болуына әкеліп соқтырады. Жұмыс түріне қарай жұмыс күні мерзімін қысқарту, жыл сайын қосымша демалыс беру, жұмыс кезінде үзіліс жасау (15–20 минут), техникалық шараларды іске асыру – Кәсіби аурулардың санын азайтып, келешекте мүлдем жоюға мүмкіндік береді. Кәсіби ауруларды азайту үшін радиоактивті препараттармен, рентген кабинеттерінде, ыстық пештерде, тағы басқа жұмыс жасайтын адамдарды жұмысқа аларда және әрбір 6–12 ай сайын денсаулығын медициналық тексеруден өткізіп тұру қажет. Кәсіби ауруларға шалдыққандар әлеуметтік қамсыздандыру тарапынан жеңілдіктермен қамтамасыз етіледі. Кәсіби аурулар салдарынан уақытша еңбекке жарамсыз адамдарға берілетін жәрдем олардың үздіксіз еңбек өтіліне қарамастан табысының 100% мөлшерінде төленеді. Кәсіби аурулардан мүгедек болған адамдарға мүгедектік зейнетақы еңбек өтіліне байланыссыз белгіленеді.

Өндіріс орындарында, кәсіпорындарында кәсіптік аурулардың алдын алу мақсатында зерттеулер жүргізу — санитарлық дәрігерлер қызметінің басым бағыттарының бірі.

Кәсіби аурулардың алдын алу мақсатында мамандар жұмысшылардың уақтылы медициналық тексерістен өтуін және сауықтыру шараларын қамтамасыз етуді, жұмыс жағдайын санитариялық талаптарға сәйкестендіруді, объектінің қауіптілік сыныбы бойынша санитариялық-қорғау аймағының аумағын абаттандыруды, жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуді және басқа да шараларды ұсынады.