Биыл жалпыға бірдей декларациялау жөніндегі науқанның үшінші кезеңі басталды. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке декларацияны кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынады. Декларацияда Қазақстан Республикасындағы және шетелдегі барлық мүлік көрсетілуге тиіс. Атап айтқанда, бағалы қағаздар, цифрлық активтер, үлестік қатысу шарттары, 10 мың айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе 34,5 млн теңге шегіндегі қолма-қол ақша, сондай-ақ шетелдегі жылжымайтын мүлік пен автокөлік құралдары.
- Декларацияны жеке кәсіпкерлер, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың заңды тұлғаларының басшылары, соның ішінде директорлар кеңесінің төрағалары, жеке басшылар, тұрғын үй/саяжай кооперативтерінің төрағалары, заңды тұлғалардың құрылтайшылары мен қатысушылары тапсыруға міндетті. Филиалдар мен өкілдіктердің басшылары, тұрғын үй/саяжай кооперативтерінің мүшелері және діни бірлестіктердің бастамашы-азаматтары мұндай декларацияны тапсыруға міндеттелмейді,- деп атап өтті Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Шынар ЖҰМАБАЙ.
Декларацияны тұрғылықты жеріңіз бойынша 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсыру қажет. Декларацияны «Салық төлеушінің шоты», «Электрондық үкімет» веб-порталы және «e-salyqАzamat», «Halyk», «Bank Centercredit» мобильді қосымшалары арқылы беруге болады.