Африка обасы – қолайсыз аумақтағы барлық шошқаларды жою және ветеринариялық-санитариялық және карантиндік іс-шараларды жүргізетін экономикалық шығындардан тұратын үлкен зиян келтіретін аса қауіпті жұқпалы шошқа ауруы.
Жыл мезгіліне қарамастан барлық тұқымдағы және жастағы үй шошқалары ауырады. Жануарлардың басқа түрлеріне, сондай-ақ адамдарға вирус жұқпайды. Осы ауруға қарсы арнайы емдік сарысу және алдын-алу вакцинасы жоқ.
Өткен жылы бұл аса қауіпті жұқпалы індет Ресей Федерациясының шекаралас аудандарында тіркелген болатын.
Ауру жануарлармен тікелей байланыста болған кезде, вирус жұққан азық, төсеніш, шошқаның зарарсыздандырылмаған еті мен ет өнімдері, тамақ кәсіпорындарының қалдықтары, жануарларды тасымалдау кезінде көлік құралдары, сондай-ақ қызмет жасайтын персонал арқылы жұғады. Вирустың тасымалдаушылары қан сорғыш жәндіктер болуы мүмкін.
Ауру алғаш пайда болған кезде аурушаңдығы мен өлімі 100% - ға жақындайды.
Жануарларда ауру өте қатты және өткір өтуі кезінде дене қызуы 41-42 °С дейін көтеріледі. Дененің әртүрлі бөліктерінің терісінде, әсіресе іштің маңайында, шаптың беттерінде күлгін-қызыл дақтар, қанталау және гематомалар пайда болады.
Жануарлардың көпшілігінде пневмония, өкпе қабынуы және гастроэнтерит белгілері байқалады. Аурудың айқын клиникалық белгілерінсіз кенеттен өліп кету жағдайлары болуы мүмкін.
Біздің республикада шошқаның африкалық обасы тіркелмегенін ескере отырып, шошқа өсірумен айналысатын жеке тұлғалар мен шаруашылық жүргізуші субъектілер аурудың ел аумағына әкелінуіне жол бермеу бойынша қатаң іс-шаралар жүргізуі қажет.
Шошқаның африкалық обасы вирусының әкелінуін болдырмау мақсатында:
1) шошқаның африкалық обасы бойынша қолайсыз елдерден үй және жабайы жануарларды, олардың сойылған өнімдерін және барлық түрдегі азықтарды әкелуге;
2) Қазақстан Республикасына келе жатқан көлік құралдарының иелері Қазақстан Республикасы аумағына шошқаның африкалық обасы бойынша қолайсыз мемлекеттерде сатып алынған жануарлар мен олардың тамаққа қолданылатын ет өнімдерін (консервілерден басқа) жеткізуге жол берілмейді.
Алдын алу мақсатында жануарлардың иелері:
- жануарларды өз бетінше немесе ветеринария дәрігерлерінің көмегімен күнделікті тексеруді;
- белгіленбеген сауда орындарында шығу тегі белгісіз жемшөп пен жемшөп қоспаларын сатып алмауды;
- шошқаларды сойғаннан кейін алынған қалдықтармен және тамақ қалдықтарымен жануарларды азықтандыруды, қалдықтарды белгіленген орындарда жоюды;
- кеміргіштермен күрес жүргізуді;
- бөгде адамдардың жеке аулаларға баруына жол бермеуді жүзеге асыру қажет.
Сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар ветеринариялық қызметке хабарлауға міндетті:
- жаңадан сатып алынған жануар, алынған төл, оның (олардың) сойылғаны және өткізілгені туралы;
- өлім жағдайлары, бірнеше жануарлардың бір мезгілде ауруы немесе олардың өзін қалыптан тыс ұстауы туралы;
-жануарларды союдың алдында ветеринариялық тексерусіз және сойғаннан кейін ұшалары мен мүшелеріне ветеринариялық-санитариялық сараптамасыз өткізу мақсатында союға жол бермеуі керек.
«Қостанай облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы» ММ