
Бүгінде Қазақстан жолдарды салу мен жөндеуге қажетті жол битумына деген ішкі қажеттілікті толық көлемде жабады. Бұған Caspi Bitum зауытының қуатын кеңейту жөніндегі жобаны іске асырудың арқасында қол жеткізілді — мұнай өңдеу жылына 1-ден 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде жол битумын өндіру көлемі жыл сайын 500-ден 750 мың тоннаға дейін өсті. Жоба ҚР Энергетика министрлігі әзірлеген Қазақстанның мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы шеңберінде іске асырылған алғашқы іс-шара болды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта елімізде жалпы қуаттылығы жылына 1,6 млн тонна болатын 4 зауыт жұмыс істейді. Көлік және Қазавтожол министрлігінің деректері бойынша 2026 жылы ішкі нарықтың қажеттілігі шамамен 1,1 млн тоннаны құрайды. Осылайша, жұмыс істеп тұрған өндірістік қуаттар Қазақстанның жол битумына деген қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.
Caspi Bitum зауыты жол-құрылыс компаниялары тарапынан өтінімдер болған кезде битумды жеткілікті мөлшерде өндіруге дайын.
Іске асырылған шаралар жол-құрылыс саласын отандық битуммен тұрақты қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және мұнай өнімдерінің ішкі нарығының тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.