Қостанай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, биыл отбасылық жанжалдарға қатысты 4352 хабарлама тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда аз. Сондай-ақ қайталама өтініштер саны 6%-ға төмендеген.

Қостанай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, биыл отбасылық жанжалдарға қатысты 4352 хабарлама тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда аз. Сондай-ақ қайталама өтініштер саны 6%-ға төмендеген.

Өңірде зардап шеккендерге қолдау көрсету инфрақұрылымы күшейтілді. Бүгінде әйелдер мен балаларды жайлы жағдайда жауап алуға арналған 3 мамандандырылған бөлме, Арқалық пен Рудный қалаларында 2 кешенді қолдау көрсету орталығы, сондай-ақ осы күзде жұмысын бастаған Қостанайдағы 30 орындық жаңа дағдарыс орталығы қызмет көрсетуде.

– «Жыл басынан бері 95 адам көмек алды, олардың арасында әйелдер, балалар және бір ер адам бар. Орталықтар уақытша тұру, тамақтану және психологиялық, әлеуметтік, заңгерлік қолдау көрсетеді», – деді облыстық полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы, полиция майоры Гүлжанат Шаяхметова.

Облыстың медицина мекемелерінде 30 психокоррекция кабинеті жұмыс істейді. Онда құқықбұзушылық жасаған азаматтарға да көмек көрсетіледі. 11 айда 166 агрессорға міндетті психологиялық түзету тағайындалған.

Полиция профилактикалық жұмысты жалғастыруда: жыл сайын республикалық және өңірлік акциялар — «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан», «Бақытты отбасы — бақытты ел», «Учаске» және басқа да шаралар өткізіледі. Демалыс күндері «Біртұтас профилактика күні» бастамасы аясында учаскелік инспекторлар мен әлеуметтік қызметкерлер қауіп тобына кіретін отбасыларға барады.