Қазақстан Республикасының Білім министрлігі орта білім беру ұйымдарында 2025 – 2026 оқу жылының басталу күндерін, ұзақтығын және каникулдық кезеңдерін белгіледі, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Оқу процесі 2 қыркүйектен басталып, 25 мамырда аяқталады. Білім күніне арналған салтанатты жиынның өткізілетін күні мен уақыты мектептің педагогикалық кеңесінің шешімімен анықталады.
Бірінші тоқсанда оқуға 8 апта беріледі. Күзгі демалыс 27 қазаннан 2 қарашаны қоса алғанда 7 күнтізбелік күнге созылады.
Екінші тоқсанда-8 оқу аптасы. Қысқы демалыс 2025 жылғы 29 желтоқсаннан бастап 2026 жылғы 7 қаңтарға дейін қоса алғанда 10 күнтізбелік күнді құрайды.
Бірінші сыныптарда қосымша демалыс 2026 жылғы 9-15 ақпан аралығында қоса алғанда 7 күнтізбелік күнді құрайды.
Үшінші тоқсан 10 оқу аптасынан тұрады. Көктемгі демалыс 2026 жылғы 19-29 наурызды қоса алғанда 11 күнтізбелік күнді құрайды.
Төртінші тоқсан 2026 жылдың 25 мамырында аяқталатын 8 оқу аптасына созылады.