Оның айтуынша, офицерлер Ұлттық қорғаныс университетінде біліктілігін арттыра алады. Оқу процесі ҚК-нің жауынгерлік даярлық жоспарымен ықпалдастырылған. Курсанттар мен тыңдаушылар жауынгерлік ынтымақтастық аясында «Айбалта», «Жауынгерлік достастық», «Қаратау» және «Өзара іс-қимыл» секілді ірі көлемді оқу-жаттығуларға қатысып тұрады. Бұл алдағы қызметтегі практикалық дағдыларды шыңдауға мүмкіндік береді.
«Қазіргі соғыстардың сипаты өзгеруі мен әскерилердің қажеттілігін ескере отырып, офицерлерді жаңа бағыттар бойынша даярлау басталды. Мысалы, Құрлық әскерлерінің әскери институтында материалдық-техникалық қамтамасыз ету кафедрасы ашылды. Әуе қорғанысы күштері институтында «Ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару» мамандығы, Радиоэлектроника және байланыс институтында радиоэлектрондық барлау, радиоэлектрондық күрес, ақпаратты қорғау, криптология және автоматтандырылған басқару жүйелері бағыттары ашылды», – деді спикер.
Білім беру бағдарламаларын кеңейту академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Қазақ спорт және туризм академиясында, Логистика және көлік академиясында, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де және басқа азаматтық жоғары оқу орындарында іске асырылады. Нәтижесінде курсанттар қос диплом алады.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттар ұйымының Әскери кадрларды даярлау туралы келісімі шеңберінде Қорғаныс министрлігі ЖОО-ларына Тәжікстан және Қырғызстанның әскери қызметшілері қабылданды. 400-ден астам қазақстандық курсант елімізде ұсынылмаған мамандықтар бойынша шетелде Түркия, Ресей, Қытай, Корея, Әзербайжан және Беларусь елдерінде оқып жатыр.
