Тұрғын үй қорын жаңғырту және ұзаққа созылған құрылыстар мәселесін шешу

Тұрғын үй қорын жаңғырту жұмыстары жалғасуда: ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізілуде, оның ішінде энергия тиімділігін арттыру шаралары қолға алынып, инженерлік желілер мен лифтілер ауыстырылуда, қасбеттер мен шатырлар жаңартылуда. Бұл шаралар тұрғын үйлердің пайдалану мерзімін ұзартуға және тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған.

Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында өңірлерде кондоминиум нысандарының ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар қайтарымды негізде жүзеге асырылып, ғимараттардың қасбетін, шатырын және басқа да бөліктерін қамтиды.

Бұл іс-шараларды қолдау үшін өңірлерге республикалық бюджеттен жеті жыл мерзімге жылдық 0,1%-бен бюджеттік кредиттер беріледі. 2024 жылы бұл мақсаттарға 13,8 млрд теңге бөлініп, 233 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілді.

Қолжетімді бюджеттік кредиттер беру тұрғын үй сапасын жақсартуға ғана емес, қолданыстағы тұрғын үй қорын сақтауға да мүмкіндік берді. Инженерлік және сыртқы инфрақұрылымды жаңарту қауіпсіз және заманауи қалалық ортаны құруға ықпал етеді.

Әсіресе Астана қаласындағы көп жылдар бойы өзектілігін жоғалтпай келе жатқан ұзаққа созылған құрылыс нысандарының мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлінуде. 2019 жылдан бері елордада 150 проблемалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, нәтижесінде 15,6 мыңға жуық үлескердің баспана мәселесі шешілді. Мұнда барлық қаржы көздердерін қоса алғанда жалпы қаржыландыру көлемі 214,6 млрд теңгені құрады.

Мемлекет үлескерлердің құқықтарын қорғау бойынша да кешенді шараларды жүзеге асыруда. Бұл ретте құрылыс салушыларға заңнаманың, соның ішінде сәулет және қала құрылысы стандарттарының сақталуына толық жауапкершілік жүктелген. Мұнда заңсыз құрылыс салу, бекітілген жобалық құжаттаманың болмауы, үлескерлердің қаражатын рұқсатсыз тарту сияқты заң бұзушылықтар әкімшілік жауапкершілікке, соның ішінде заңсыз салынған объектілерді бұзуға дейін әкеп соғады.

Цифрландыру және жаңа нормативті база 

Саланы дамытудың басым бағыттарының бірі – цифрлық шешімдерді енгізу. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ашықтықты, бақылауды және тиімділікті арттыруға баса назар аудара отырып, нысандарды жобалаудан бастап іске қосуға дейінгі барлық кезеңдерді автоматтандыру бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруда.

Аса маңызды жаңашылдық ретінде қала құрылысы кадастрына құрылыстың бүкіл өмірлік циклін цифрлық форматта қадағалауға жол ашатын ЖСН-ға ұқсас нысанның бірегей нөмірін енгізу бастамасын айтуа болады. Бұл құжаттардың белгіленген мақсатқа сәйкестігін қай кезеңде де тікелей тексеруге мүмкіндік береді.

Елді мекендердің 93%-ы аудан орталықтары деңгейіне дейін цифрландырылып, инженерлік желілерге ауқымды түгендеу жұмыстары жүргізілді. Қалалардың 89 бас жоспарының 85-і (96%) және 724 егжей-тегжейлі жоспарлау схемасының 618-і (83,7%) цифрлық форматқа көшірілді. Одан бөлек, әкімдіктер бас жоспармен 100% және аумақтарды егжей-тегжейлі жоспарлаумен 96,1% қамтамасыз етілді.

Бастапқы рұқсат беру құжаттарын ұсыну, жобаларды келісу, техникалық шарттарды беру және жобалау құжаттамасына сараптама жасау процестері автоматтандырылды. 2024 жылдан бері EPSD порталында қала құрылысы кадастрының деректеріне негізделген бірыңғай сараптама жұмыс істеп тұр.

Жобалау және сараптама кезеңдерін қамтитын «Ақпараттық модельдердің мемлекеттік банкі» жүйесі әзірленді, ол 2025 жылдың екінші жартыжылдығында ақпараттық қауіпсіздік бойынша сынақтан өткізіледі. Сондай-ақ жоспарлы тексерулер тетігі енгізілуде, онда тапсырыс берушілер тексеруге бекітілген кестеге сәйкес өз еркімен келіседі.

E-Qurylys жүйесі аясында құрылысқа қатысушылардың барлықтарының жұмысы автоматтандырылған. Олар – тапсырыс берушілер, мердігерлер, техникалық және авторлық қадағалау қызметтері. Астанада нысандарды актіге қол қоюдан бастап пайдалануға беруге дейінгі цифрлық қабылдау бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда.

Құрылыс алаңдарында нормалардың сақталуын бақылау күшейтілді: рұқсат беру тізілімі, нақты уақыт режимінде еңбек ресурстарын қадағалау жүйесі, заң бұзушылықтар анықталған жағдайда жұмысты тоқтатуға мүмкіндік беретін жедел әрекет ету механизмі іске қосылды.

Құрылыс құнын негізсіз көтерумен күресу үшін онлайн-калькулятор, шығын индекстері және сметалық бағалардың прейскуранты енгізілді. 2024 жылдың қазан айынан бастап құрылыс сараптамасының экономикалық тиімділігі 3,4 трлн теңгені құрады, оның 2,4 трлн-ы 2025 жылдың алғашқы бес айына тиесілі.

Үлескерлік құрылысқа қатысушылардың құқықтарын қорғауға және көлеңкелі схемалармен күресуге ерекше назар аударылған. Барлық реформалар мен цифрлық шешімдер жаңа Құрылыс кодексінде жүйеленген. Олар құрылыс саласын реттеудің заманауи тәсілдерін айқындап, қауіпсіз, тұрақты және осы заманға сай қалалық ортаны құруға бағытталған.

Халықты сумен қамтамасыз ету

Қазақстандағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – қазақстандықтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Бұл міндет инфрақұрылымды дамытуды, су ресурстарын ұтымды пайдалануды, заңнаманы жетілдіруді және халықтың хабардарлығын арттыруды қамтитын кешенді тәсілді талап етеді. Бұл ретте еліміздің барлық елді мекендерін, қалалық және ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін халықты сумен жабдықтау қызметтеріне 100% қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет. Бұл жоғары талап, бірақ өте маңызды, оның жүзеге асуы азаматтардың өмір сүру сапасына, халықтың денсаулығына және ауылдық жерлердің тұрақтылығына тікелей әсер етеді.

Осы мақсатты жүзеге асыру үшін республиканың барлық елді мекендерін қамтитын кезеңдік іс-қимыл жоспары әзірленді. Оны орындау бойынша жұмыс қазірдің өзінде айтарлықтай нәтиже беруде.

Қалаларда сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету 2019 жылы 97,2% болса, қазір 99,3%. Ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 2019 жылы 86,4% болса, бүгінгі таңда 97,5%-ға дейін өсті.

Еліміздің 90 қаласының 73-і 100% сумен қамтамасыз етілген. Қалған 17 қаланы 2025 жылы сапалы ауыз сумен жабдықтау жүйесіне қосу жоспарлануда.

6 148 ауылдық елді мекеннің ішінде сумен жабдықтау қызметтері 5 679 ауылда қолжетімді. 2025 жылдың соңына дейін қалған 469 ауылды сумен қамтамасыз ету қажет.

Толық қамтамасыз етуге қол жеткізу үшін түрлі инфрақұрылымдық шешімдер қолданылады. 245 елді мекенде орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелерін салу бойынша жобалар жүзеге асырылатын болады. Инфрақұрылымы төмен 224 ауылда ауыз сумен қамтамасыз етуді тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін кешенді блок-модульдерді орнату жоспарлануда.

Бұл шаралар тек техникалық қосылуға ғана емес, сонымен қатар ұзақмерзімді перспективада сумен жабдықтаудың тұрақтылығына, сенімділігіне және санитарлық қауіпсіздігіне бағытталған.

Сумен жабдықтау мәселесін шешу, бұл – нысандарды салу мәселесі ғана емес, өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз ету және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі стратегиялық міндет.

Кәріз-тазарту нысандары жүйесін дамыту

Сондай-ақ кәріз-тазарту нысандарының (КТН) жүйесі дамуда – олардың құрылысы мен жаңғыртылуы қоршаған ортаны қорғауда және халықтың санитарлық әл-ауқатын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Кәріз-тазарту нысандарын құру – бұл инженерлік жабдықты жобалау, салу, монтаждау және кейіннен пайдалануды қамтитын көп сатылы және технологиялық күрделі үдеріс.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кәріз-тазарту нысандарын салу және реконструкциялау бойынша ауқымды бағдарлама жүзеге асырылуда. Оның шеңберінде бүкіл ел бойынша 13 жаңа КТН салу және 32 қолданыстағы КТН-ды реконструкциялау жоспарлануда. Жобаларды қаржыландыру әр өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, әр түрлі көздерден жүзеге асырылады: 15 қалада ол «Бәйтерек» ҰБХ-ның облигациялық қарыздары арқылы, жетеуі – Еуропа қайта құру және даму банкі мен Азия даму банкінің кредиттері есебінен, 23-і республикалық бюджеттен, ал Қонаев қаласында – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жүзеге асырылады.

Бүгінгі таңда республикалық бюджеттен Атырау, Ақтау, Сарыағаш, Ленгер, Шымкент, Қаражал, Форт-Шевченко және Қызылорда қалаларындағы КТН жобалары қаржыландырылды. Осы мақсаттарға 2021-2025 жылдар аралығында бөлінген қаржының жалпы сомасы 33,1 млрд теңгені құрады.

2024 жылы Сарыағаш және Форт-Шевченко қалаларында КТН-ның құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Қалған қалаларда – Атырау, Ақтау, Қаражал, Ленгер, Шымкент және Қызылордада құрылыс жұмыстары жалғасуда.

Биыл республикалық бюджеттен Қызылорда және Ленгер қалаларында КТН реконструкциялауды жалғастыруға 1,7 млрд теңге қарастырылған.

Кәріз-тазарту нысандары жүйесін дамыту – Қазақстанның тұрақты дамуы үшін стратегиялық маңызды міндет. Ағынды суларды тазартудың заманауи технологияларын енгізу экологиялық қауіпсіздікті арттырып қана қоймай, халық үшін жайлы және қауіпсіз өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мемлекеттің, халықаралық серіктестердің және жеке сектордың үйлестірілген күш-жігері осы мақсаттарға жету үшін берік негіз қалыптастырады.

 

Құрылыс саласы үшін кадр даярлау: жаңа тәсілдер және жұмыспен қамту келешегі

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сұранысқа ие салаларда, соның ішінде құрылыс саласы бойынша кадрлар даярлауға ерекше назар аударылуда. 

Бүгінде жоғары оқу орындарында «Сәулет және құрылыс» мамандығы бойынша 299 білім беру бағдарламасы, соның ішінде 15 инновациялық бағдарлама әзірленді. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, бүгінде еліміздегі 34 жоғары оқу орны осы бағытта кадр даярлауда. Білім алушылардың жалпы саны – 19 042 адам.

Оқу орындарында кадрлар даярлаудағы пәнаралық қатынас қағидаты күннен-күнге кеңінен қолданылып келеді. Мысалы, Халықаралық білім беру корпорациясы «Құрылыстағы ақпараттық технологиялар», «Құрылыстағы экономика және менеджмент» білім беру бағдарламаларын, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық ғылыми-зерттеу университеті «Сәулет және қала құрылысы» бағдарламасын, Ш. Уәлиханова атындағы Көкшетау университеті «Ғимараттар мен құрылыстарды BIM (Building Information Modeling) жобалау» бағдарламасын іске қосты.

Өңірлерде білім беру бағдарламаларын қазіргі еңбек нарығының талаптарына бейімдеп жатқан колледждер бар. Берілген академиялық дербестіктің нәтижесінде оқу орындары оқыту тәсілдерін қайта қарап, маман даярлаудың практикалық құрамдас бөлігін күшейтуде.

Мұндағы негізгі құралдардың бірі – дуальды оқытуды енгізу. Студенттер теориялық сабақтарды кәсіпорындардағы өндірістік тәжірибемен қатар өткізеді. Сонымен қатар, ірі компаниялар студенттерді нақты еңбек жағдайларымен қамтамасыз ете отырып, колледждерге қамқорлық жасайды. Бұл ретте тәжірибені ресми еңбек өтіліне қосуға мүмкіндік беріліп отыр.

Қазақстандағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі экономиканың қажеттіліктеріне қарай бағдарланады, жұмыс берушілермен ынтымақтастықты күшейтіп, түлектердің жұмысқа орналасуына жағдай жасайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша 2025 жылы Enbek.kz электронды биржасында 1,09 млн-нан 1,25 млн-ға дейін бос жұмыс орны жарияланады деп күтілуде Оның 350 мыңға жуығы жұмысшы мамандықтары, соның ішінде құрылыс саласына қатысты болмақ. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамы бойынша құрылыс саласы Электронды биржада жарияланған барлық бос жұмыс орнының 7%-ын құрайды.

Құрылыс материалдарының ішінде қазақстандық үлес 70%-ға дейін өсті

Құрылыс материалдарын өндіру – Қазақстанның құрылыс экожүйесінің ажырамас бөлігі. 2025 жылдың басындағы жағдай бойынша елімізде бұл салада 2 922 кәсіпорын жұмыс істейді, оның 2 801-і немесе 96%-ы шағын, 93-і орта және 28-і ірі компаниялар.

2024 жылы құрылыс материалдарын өндіру көлемі 1,4 трлн теңге құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 12,5%-ға артық. Осы кезеңде нарықтың жалпы көлемі $4 млрд болды, ондағы отандық өнімнің үлесі – 68,3%.

2025 жылдың қаңтар-маусым айларында өндіріс көлемі 713 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,3%-ға өсті. 

Бұл ретте 2025 жылдың бес айында нарық көлемі $1,4 млрд-ты құрады. Оның 69,6%-ы отандық өндірушілер үлесіне тиесілі, бұл былдырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 4 пайыздық тармаққа жоғары.

Осылайша, Қазақстанның құрылыс саласын дамыту – Президенттің тапсырмаларын және дәйекті мемлекеттік саясатты жүйелі жүзеге асырудың нәтижесі. Тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру, халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолдау, процестерді цифрландыру, инфрақұрылымды жаңғырту және отандық өндірушілердің рөлін күшейту жайлы қалалық ортаны қалыптастырып қана қоймай, болашақтың тұрақты архитектурасын құруға да мүмкіндік береді. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде құрылыс елдің экономикалық өсуінің басты драйверлерінің бірі болып қала береді.