Саяси бәсекеде сыналған сайлау жүйесі

Саяси бәсекеде сыналған сайлау жүйесі

 

Астанада Орталық сайлау комиссиясының 30 жылдығына орай «Конституциялық реформа және сайлау жүйесі» атты екі күндік халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. 

Халықаралық нормалармен сәйкестік

Іс-шараға 16 шет мемлекеттің орталық сайлау органының және 6 беделді халықаралық ұйымың өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Дүниежүзілік сайлау органдарының қауымдастығы, ЕҚЫҰ, ТМД Атқару комитеті, Парламентаралық одақ, Түркі мемлекеттерінің ұйымы, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесі делегаттары келді.

Конференцияға сондай-ақ республиканың бірқатар мемлекеттік органының басшылары, Парламент депутаттары, ОСК жанындағы Сарапшылық кеңестің, Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының, Жас сайлаушылар клубының, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, саяси партиялардың, ғылым, білім, қоғамдық ұйымдардың, масс-медианың өкілдері қатысты.

Іс-шараның бірінші күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың конференцияға қатысушыларға арналған құттықтау хатын Президенттің кеңесшісі Ернар Баспаев оқып берді.

Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарында еліміздің сайлау органдары дәйекті даму жолынан өтіп, мемлекеттік биліктің аса маңызды институттарын қалыптастыру ісіне елеулі үлес қосқанын атап өтті. Бұл органдар сайлау құқығына қатысты әлемдік деңгейдегі жоғары талап­тарды әрдайым сақтай білді. Сондай-ақ халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты нығайтып, қоғаммен ашық диалог орнатты. Мысалы, шетелдің озық тәжірибесін ескере отырып, аумақтық комиссиялардың кәсіби деңгейін көтеру, жұмысын жақсарту және оның әрбір мүшесінің мәртебесін айқындау үшін нақты шаралар қабылданды.

«Қазақстанда жан-жақты өзгерістер кезеңінде сайлау заңнамасын үнемі жетілдіріп отыруға баса мән беріледі. Осы күрделі әрі жауапты міндетті орындау үшін сарапшылар қауымымен тығыз қарым-қатынас орнатудың маңызы зор. Бүгінгі басқосуда бұл саланы дамытуға қатысты салмақты ой-пікірлер айтылып, тың тәсілдер ұсынылады деп сенемін», деді Мемлекет басшысы құттықтау сөзінде және конференция қатысушыларына жемісті жұмыс тіледі.

Сондай-ақ Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов құттықтау хаттарын жолдады. Конференция қатысушыларына арнаған сөзінде ТМД Атқару комитеті делегациясының басшысы – ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары Леонид Анфимов Қазақстанда халықаралық нормаларға сай келетін сайлау жүйесі құрылғанын, ол елдің әрбір азаматына өз еркін білдіруге, сайлауға және сайлануға, осылайша мемлекетті басқаруға қатысуға құқық беретінін атап өтті.

«Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы ТМД кеңістігіндегі сайлау қызметінде шын мәнінде флагмандардың біріне айналды», деді Л.Анфимов.

Парламентаралық одақтың құрметті Президенті Дуарте Пашеко 2022 жылғы референдумда халық қолдаған конституциялық реформа Қазақстанның демократиялық қағидаттарға қызығушылы­ғымызды арттырып, сайлау жүйемізді жетілдіріп жатқанымыздың дәлелі екенін атап өтті.

Конференция барысында Дүниежүзілік сайлау органдары қауымдастығының Бас хатшысы доктор Ин-сик Джангтың, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиевтің және ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің Бас хатшысы Дмитрий Кобицкийдің бейнеқұттықтаулары көрсетілді.

 

Ынтымақтастыққа бағытталған құжаттар

Сайлау тарихы туралы және Қазақстанның кейінгі 30 жылдағы сайлау жүйесін дамытудың барлық кезеңін қамтитын көрме үлкен қызығушылық тудырды. Көрме материалдары конституциялық реформаның, сайлау заңнамасын жаңартудың негізгі элементтерін көрсетеді, сондай-ақ миссия, пайым, құндылықтар, қағидаттар, мақсат, басымдықтар сияқты ОСК одан әрі дамуының стратегиялық негіздеріне назар аударады.

Конференция аясында ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров Өзбекстан Республикасы ОСК төрағасы З.Низамходжаев, Армения Республикасы ОСК төрағасы В.Овакимян, Түркия Республикасы Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы А.Йенермен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойды. Меморандумдарға қол қою сайлау жүйелері мен сайлау үдерісін дамытудағы елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.

Конференция шеңберінде «Конституциялық реформа мәнмәтініндегі сайлау заңнамасының эволюциясы» және «Сайлау жүйелерін дамытудың өзекті трендтері» атты екі тақырыптық сессия жұмыс істеді, іс-шаралар барысында қатысушылар мен қонақтар баяндамалар жасап, аталған тақырыпта пікір алмасты. Атап айтқанда, мемлекеттердің қазіргі заманғы сайлау жүйелерінің алдында тұрған талаптары талқыланды, электрондық дауыс беру және басқа да заманауи сайлау технологиялары мәселелері бойынша тәжірибе алмасу жүзеге асырылды. Шетелдік әріптестер Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізілген Қазақстанның саяси реформаларына оң баға берді.

Сессияларда Әділет министрі А.Есқараев, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Д.Қадыров, Сыртқы істер министрінің орынбасары Р.Василенко, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ә.Тұрысов, Грузия ОСК төрағасы Г.Каландаришвили, Беларусь Республикасы ОСК төрағасының орынбасары В.Ипатов, Қырғыз Республикасының Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясының төрағасы Н.Шайлдабекова, Өзбекстан Республикасы ОСК төрағасы З.Низамходжаев, Молдова Республикасы ОСК хатшысы А.Берлинский, Ресей Федерациясы ОСК мүшесі К.Мазуревский, Иордания ОСК мүшесі доктор Раед Әл-Адван, арнайы шақырылған ЕҚЫҰ сарапшысы Д.Дуэнас-Сид, Эстония Ұлттық сайлау комитетінің мүшесі Д.Нахкур-Таммиксаар, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Электоралдық оқыту орталығының басшысы Ж.Буқанова баяндама жасады.

Нұрлан Әбдіров өз сөзінде Орталық сайлау комиссиясы сайлау органдарының бірыңғай жүйесін басқара отырып, жалпымемлекеттік деңгейде сайлау үдерісін басқару саласындағы алғашқы арнайы орган болғанын атап өтті. ОСК құрылған сәттен бастап мемлекеттік биліктің заңды институттарын қалыптастыруға тікелей қатыса отырып, Қазақстанның қалыптасу тарихымен тығыз байланысты.

Көптеген беделді халықаралық ұйымның белсенді мүшесі бола отырып, Қазақстан еркін және бәсекелі сайлау өткізу бойынша өзіне қабылдаған барлық міндеттемені ұстанады. Еліміздегі барлық сайлау науқаны ұлттық заңнамаға және Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында (1948 жыл), ЕҚЫҰ Копенгаген кеңесінің құжатында (1990 жыл) қамтылған демократиялық сайлаудың жалпыға бірдей танылған қағидаттарына сәйкес өтеді.

«2022 жылғы 5 маусымда өткен республикалық референдумда жалпыхалықтық қолдау тапқан Президенттің конституциялық реформасына тікелей байланысты сайлау заңнамасының іргелі жаңашылдықтары саяси жүйенің бүкіл конфигурациясын өзгертіп, сайлау кеңістігіне трансформациялық әсер ете отырып, қоғамдық қатынастардың жаңа дәуірі үшін жол ашты. Сайлау үдерістері арқылы азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуын кеңейтуге баса назар аударылды», деді ОСК басшысы.

Ол сондай-ақ комиссияның одан әрі дамуының стратегиялық перспективаларына және оның көзқарасы, миссиясы, құндылықтары, қағидаттары, мақсаттары, басымдықтары сияқты элементтерін анықтауға баса назар аударды. «Ал бұл элементтердің барлығы Сайлау туралы Конституциялық заңда айқындалған комиссияның мандатынан туындайды: ОСК – референдумдар мен сайлауды дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік сайлау органы», деді Н.Әбдіров.

 

Озық тәжірибе, ортақ мүдде

Түркия мысалында сайлау саласындағы озық тәжірибелер туралы А.Йенер айтып берді. «2023 жылғы 3 қарашада Қазақстанның төрағалығымен өткен Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттерінің сайлау саласындағы ынтымақтастығын нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, ТМҰ-ға мүше елдердің Орталық сайлау органдарының консультативтік кеңесін құруды ұсынды. Ол бұл бастама жүзеге асырылатынына және біздің демократиялық басқаруды нығайтуға деген ұжымдық міндеттемемізді практикалық деңгейге көтеретініне сенім білдірді», деді А.Йенер.

Ал Г.Каландаришвили Грузияның сайлау жүйесін дамытудың негізгі жолдары және қазіргі заманғы сын-қатерлер туралы баяндама жасады. «Өткен жылы өткізілген референдум және Конституцияға ен­гізілген өзгерістер жақсы тәжірибе болды, бұл елдің демократиялық дамуын жаңа жолға ауыстырды және референдум нәтижесінде көп ұзамай сайлаушылар референдумға қатысу және тиісті шешімді жақтау арқылы қолдаған жаңа мандаты мен құзыреті бар елдің Президенті мен Парламенті сайланды. Сондықтан комиссия таңдаған конференция тақырыбы оқиғалардың одан әрі дамуын талқылау үшін өте уақтылы», деді Г.Каландаришвили.

«Қазақстанның ұлттық сайлау жүйесі 30 жыл ішінде үлкен жолды өтті және бұл үдеріс Қазақстанның дамуымен, мемлекеттілікті және демократиялық негіздерді нығайтумен, азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етумен тығыз байланысты. Демократиялық сайлау өткізу, маңызды мемлекеттік міндеттерді шешу, сіздің еліңіздің болашағы ОСК мүшелерінің құзыреттілігіне, кәсібилігіне және жауапкершілігіне байланысты», деді Өзбекстан ОСК төрағасы З.Низамходжаев.

Сессия барысында Қырғыз Республикасының сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясының төрағасы Н.Шайлдабекова сайлау жүйесін дамыту туралы өз көзқарасымен бөлісті.

«Осы кезеңде ОСК үлкен жолды өтті және бүгінде біз органның өз миссиясын, азаматтардың сайлау құқықтарын лайықты жүзеге асыратын, қолайлы орта құрып, құқықты да, тәжірибені де үнемі жетілдіріп отыратын тұрақты мемлекеттік институт екендігіне куә болдық. ҚР ОСК құқықтық тұрғыда барлық өзгерістердің белсенді қатысушысы. Біз Қырғызстанда Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізілген тиімді шешімдерге назар аударамыз», деді шетелдік спикер.

Ресей Федерациясы ОСК төрағасы Э.Памфилова, Мажарстан Ұлттық сайлау комиссиясының төрағасы А.Надь, Сербия Республикасы Республикалық сайлау комиссиясының төрағасы В.Димитриевич, Үндістан ОСК төрағасы Р.Кумар, Түрікменстанда сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссияның төрағасы Г.Мурадов бейнесөздерін жолдады, ТМД ПАА Демократияны дамуының мониторингі халықаралық институтының директоры И.Мушкет онлайн режімде сөз сөйледі.

 

Сайлау жүйесінің трансформациясы

Екінші күн аясында цифрлық үкімет офисінде Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қызметкерлері шетелдік қонақтар үшін Қазақстан цифрлық үкіметінің тұжырымдамасы мен функционалымен таныстырып, жұмысын көрсетіп, елдегі цифрлық экожүйенің трансформациясы туралы айтып берді. ОСК бастамасымен жарияланған сайлау тақырыбындағы ғылыми басылымдар шетелдік қонақтардың қызығушылығын тудырып жоғары бағаға ие болды.

ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі С.Сейдуманов институт ғалымдарының ауқымды ғылыми еңбегі – мемлекеттің сайлау жүйесін дамыту туралы «Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына – 30 жыл. Қазақстан Республикасының сайлау жүйесін трансформациялау» монографиясымен қонақтарды таныстырды. Жұмыста Орталық сайлау комиссиясының құрылуы мен жұмыс істеуіне, елдің сайлау жүйесін жаңғыртуға және қазақстандық қоғамды демократияландыру үдерісіне сайлаудың ықпалы талданған.

С.Сейдуманов монография саяси үдерістердің жекелеген аспектілерін ғана емес, сонымен қатар кейінгі үш онжылдықтағы сайлау жүйесінің эволюциясына тұжырымдамалық көз­қарасты ұсынатынын түсіндірді. Оның ғылыми маңыздылығы – еліміздегі демократиялық сайлау үдерістерін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын ОСК басынан өткерген трансформацияларды талдау мен түсіндіруде. Бұл  зерттеу жұмысы ғана емес. Ол саяси қарқын туралы түсінігімізді кеңейтуге және болашаққа тиімді стратегияларды қалыптастыруға үлес қосуға арналған.

Бұдан әрі заң ғылымдарының докторы, профессор М.Қоғамовтың басшылығымен құқықтанушы ғалымдар тобы дайындаған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға толық, әрбір бап бойынша түсініктеме таныстырылды. Басылым алғаш рет қазақ, сондай-ақ орыс тілдерінде жарық көрді.

Авторлық ұжымның құрамында қазақстандық көрнекті заңгер ғалымдар, заң ғылымдарының докторлары, профессорлар И.Әубәкірова, И.Борчашвили, Л.Жақаева, Л.Жанұзақова, Э.Қалиева, Э.Мұхамеджанов, Н.Түрік, заң ғылымдарының кандидаттары, профессорлар А.Караев, Ж.Қалишева бар.

Профессор М.Қоғамов өз сөзінде бұл мүлдем жаңа ғылыми-тәжірибелік басылым екенін атап өтті. Еңбекте Конституциялық заңның барлық 15 тарауының 133 бабының нормалары егжей-тегжей түсіндірілді, олар Президент бастамашылық еткен және жүргізілген конституциялық реформа аясында жаңа құқықтық идеялармен толықтырылды. Оған ажырамас қосымша ретінде Конституциялық заңда қолданылатын 60 негізгі ұғымға анықтама беретін глоссарийді қарастыру керек.

ОСК аппараты Сайлау үдерісін ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі С.Қозыбаева 2012-2023 жылдар аралығында өткізілген сайлау және референдумдар туралы жаңа ақпараттық жинақты таныстырды. Бұл басылымға сондай-ақ 2018 және 2022 жылдардағы сайлау заңнамасына енгізілген жаңалықтар, мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына, ауыл әкімдерінің, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің тікелей пилоттық сайлау туралы ақпарат енді.

Конференцияның тағы бір маңызды оқиғасы сайлау терминдерінің онлайн-сөздігінің тұсаукесері болды. Ол қазір ОСК election.gov.kz сайтында қолжетімді. Сөздіктің тұсаукесеріне түсініктеме бере отырып, профессор И.Әубәкірова бұл жай терминдер сөздігі емес екенін атап өтті. Сөздік жаңа терминдер мен ұғымдарды ескере отырып, үнемі жаңартылып, толықтырылып отырады.

«Өйткені біздің ойымыз терминдер мен ұғымдардан тұрады, сондықтан терминдерді неғұрлым дұрыс түсінсек, соғұрлым дұрыс ойлаймыз. Еліміздегі сайлаудың қандай рөл атқаратынын ескерсек, бұл өте маңызды. Ол онлайн-сөздік азаматтардың, әсіресе жастардың, мәдениеті мен хабардарлығын дамытудың тағы бір көзі болады», деді баяндамашы.

Екі күндік ғылыми-практикалық конференцияны қорытындылай келе, ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров іс-шараның ақпараттық бай негіздеріне көз жүгірте отырып, әлемде қолданылатын сайлау тәжірибелерінің, технологиялар мен жүйелердің алуан түрі бар екенін атап өтті. Сайлау құқығы институтының негізінде әмбебап қағидаттар болса да, олар егеменді мемлекеттерге өздерінің конституциялық сәйкестігі мен қоғамдық дамудың қазіргі кезеңдеріне сүйене отырып, өздерінің сайлау моделін құруға жеткілікті дәліз береді.

Болашақта Қазақстанның және басқа елдердің сайлау жүйелері қандай болады деген сұраққа жауап іздеу үшін пікірлестермен кәсіби диалог, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту арқылы әріптестермен және сарапшылармен сындарлы пікір алмасу аса маңызды. Бұл тренд міндетті түрде одан әрі дамиды. 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ

egemen.kz