Тәуелсіздік таңында қаланған Қазақстанның сыртқы саясатының тұжырымдамалық негіздері дамып келе жатқан халықаралық жағдайды, жаңа сын-қатерлер мен қауіптерді, сондай-ақ өзекті сыртқы саяси міндеттерді негізге ала отырып, үнемі жетілдіріліп отырады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді "Қазақстан Республикасы Қазіргі заманғы халықаралық қатынастар жүйесінде" атты халықаралық конференцияда мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"2020 жылдың наурыз айында қабылданған 2020-2030 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасы қазақстандық дипломатияны одан әрі жетілдіруге негіз болды. Бұл құжат стратегиялық басымдықтарды және ұлттық мүдделерді халықаралық аренада ілгерілету тетіктерін айқындайтын базалық қағидаттарды қалыптастырады. Тұжырымдама сыртқы саяси бағыт негіздерінің сабақтастығын сақтайды – көпвекторлы, теңдестірілген, прагматизм және ұлттық мүдделерді қорғау", - деді Мұхтар Тілеуберді.
Сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстан посткеңестік кеңістікте алғашқылардың бірі болып мемлекеттік шекараны оның бойы бойы ресімдегенін және бүгінде шектес елдердің ешқайсысымен аумақтық даулардың жоқ екенін атап өтті.
Еліміздің 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы тарихи оқиға болды. Қазақстанның мүшелігі Орталық Азияның өзекті мәселелерін ең жоғары деңгейде таныстыру үшін тамаша мүмкіндік болды, өйткені біздің еліміз саяси және экономикалық өзгерістердің тұтас кешенін басынан кешіріп отырған өңірдің барлық елдерінің ұжымдық мүдделерін білдіруге ұмтылды. Халықаралық аренадағы өзінің жауапты және бейбітсүйгіш саясатының арқасында біздің еліміз посткеңестік кеңістікте бірінші болып 2010 жылы ЕҚЫҰ-ны басқару мәртебесіне ие болды.
"Қазақстанның төрағалығының қорытындысы елордамызда ЕҚЫҰ-ның XXI ғасырдағы алғашқы және, өкінішке орай, әзірге жалғыз саммитін өткізу және"қауіпсіздік қоғамдастығына қарай" атты тарихи Астана Декларациясын қабылдау болды. Қазіргі еуропалық қауіпсіздік дағдарысы жағдайында Астана Саммитінің мұрасы континенталды қауіпсіздік платформасын қалыптастыру ісінде өз өзектілігін сақтап отыр", - деп толықтырды Мұхтар Тілеуберді.