Қазақстан әлемдегі азық-түлік дағдарысын еңсеруге үлес қосуға дайын

Қазақстан әлемдегі азық-түлік дағдарысын еңсеруге үлес қосуға дайын

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ауыл шаруашылығының зор әлеуетін пайдалана отырып, Қазақстанның азық-түлік дағдарысын еңсеруге халықаралық күш-жігерге үлес қосуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы "ҚазАқпарат" ХАА Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

"Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету әділеттілік пен кемсітпеу қағидаттарына негізделген жақсы жұмыс істейтін азық-түлік және ауылшаруашылық сауда жүйесін қажет етеді. Осыған байланысты жақында ғана аяқталған ДСҰ-ның 12 - ші министрлік конференциясына біздің еліміздің төрағалық етуі тиісті келіссөздерге жаңа саяси бағыт берді",-деді Қазақстан Президенті бүгін онлайн-форматта өткен БРИКС+ жаһандық даму жөніндегі жоғары деңгейдегі диалог барысында.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде қазіргі әлемдік даму туралы айта келіп, бүгінде әлем бұрын-соңды болмаған геосаяси және экономикалық тұрақсыздыққа тап болғанын атап өтті.

"Соңғы бірнеше айда әлемдегі азық-түлік жағдайы айтарлықтай нашарлады. Егер жаһандық азық-түлік тізбегі құлдырай берсе, миллиондаған адамдардың өміріне қауіп төнеді. Бүгінгі таңда әлемдегі төрт ірі азық – түлік өндірушілердің үшеуі ұйымға мүше болып табылады, ал БРИКС елдерінің ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімі жалпы әлемдік ЖІӨ-нің жартысынан астамын құрайды", - деді Қазақстан көшбасшысы.